Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, жиында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша мемлекеттік мекемелер есептері тыңдалды. Комиссия отырысында жиын тақырыбына орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы — Ж.Абдиев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы — А.Сарбеков, аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы А.Айнабаев баяндама жасады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселені талдаған аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы Әдеп кодексінің басты міндеті-сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірленіп, жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтты. Жеке және заңды тұлғаларға жер табыстау кезінде жалпы заңдылықтың бұзылмауын ескерте келе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оларды болдырмау, мемлекеттік билікке халықтың сенімін арттыру мақсатындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Мекеме қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы ахуалға, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар мен қызметтік этика нормаларын сақтауға қатысты жұмыстарға деген дербес жауапкершіліктерін қарау бойынша өзінің құзыреттерін белсенді түрде пайдалануға ықтиярлық танытып отыруы қажеттігін айтты.