«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлығын көрсетеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев бүгінгі сенбілік жұмыстарына өзі де белсене қатысып, аудан әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Жібек жолы және Құркелес ауылдық округтері мен Көктерек кентінде жүргізіліп жатқан санитарлық-тазалық жұмыстарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Аралау барысында аудан басшысы Жібек жолы ауылдық округіндегі кеден бекетінің маңын, Құркелес ауылдық округіндегі А-15 республикалық маңызы бар тасжолдың бойын және Көктерек кентіндегі орталық көшелеріндегі тазалық жұмыстарын көрді. Көше бойларында жатқан тұрмыстық қатты қалдық заттарды, жарық бағаналарының түнгі мезгілде тұрақты жанып тұруын, жол бойын және арықтарды тазартуды, аула бойындағы және жеке секторлардың алдындағы құрылыс материалдарын алдырып, ауылдардың көркейту мен санитарлық-тазалық жұмыстарын күнделікті бақылауға алып, тиісті шаралардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сенбілік барысында еңбек ұжымдары, мекемелер мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, қоғамның белсенді азаматтары, жастар және тұрғын үй иелері көше тазалығына, өз ауласынан бастап, туған жердің көркеюіне өзіндік үлестерін қосты.