Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов “Shymkent” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен №14 емдеу орталығының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуын тексерді. Алдымен Құрсай шағын ауданындағы тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Мұнда қазір бригадалар жер қазу жұмыстарын жүргізуде. Заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн, электроэнцефалограф орнатылады. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылады. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. ????Ынтымақ-2 шағын ауданында тәулігіне 350 келушіге арналған емхана бой көтеріп келеді. Мұрат Дүйсенбекұлы нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жеті блоктан тұратын ғимаратта отбасылық денсаулық орталығы, стационарлық бөлімше, консультациялық-диагностикалық бөлімше қарастырылған. Соңғы үлгіде жабдықталатын емхана биыл қолданысқа беріледі. ????Емдеу орталықтары аталған аумақтардағы емханалардың жүктемесін жеңілдетіп, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтерді қолжетімді етеді. Құрылыс барысын көрген қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың талапқа сай жабдықталуын қадағалап, жұмыстарды сапалы әрі өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.