Аудан әкімі Нұрбек Бадырақов және аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков Қажымұқан, Қараспан ауыл округтеріне қарасты елдімекендерге барды. Тұрғындар тарапынан мердігерлердің жұмысына сын-ескертпелер көп айтылады. Бұл орайда, аудан басшылығы Ынталы ауылынан бастап, Батыр ата, Берген, Көлтоған, Төреарық, Қараспан, Мақташы елдімекендерінде жүргізіліп жатқан газ құбырларының құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысып, сапасын тексерді. — Елдің игілігіне бағытталған істер сапалы әрі өз уақытында жүргізілуі тиіс, — деген аудан басшысы газ тартып жатқан мердігерлер мен тиісті мекеме басшысына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын арнайы өз бақылауына алатындығын және жұмыс қарқынын күшейту керектігін жеткізді. Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Амангелді, Ынталы елдімекендерін газбен қамтамасыз ету бойынша тиісті құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда 80% пайызға орындалған. Қазір газ жәшіктерін орнату бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қараспан ауыл округіне қарасты Батыр ата, Берген, Көлтоған, Төреарық, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол елдімекендерінде полиэтиленді газ құбырларын шұңқырларға орналастыру жұмыстары жүргізіліп, ГРПШ тіреушілерін орнату мен бетондау жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы жұмыс көлемі 90 пайызға орындалған. Биыл маусым айында 4 елдімекенге (Ынталы, Амангелді, Берген мен Батыр ата) газ беру жоспарланса, Көлтоған мен Төреарық ауылдарын шілде айында толық газбен қамту жоспарланып отыр. Аудан басшысы газ тартылған елдімекендердегі құрылысына аса мән беру керектігін және міндетті түрде ауылдарды көгілдір отынмен қамту керектігін тапсырды.