Бүгінде елімізде әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін түрлі бағдарламалар қолға алынғаны белгілі. Аталған бағдарламалардың нәтижесі жеміссіз де емес. 2009 жылдың тамыз айынан бастау алған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарапаты тигендер бүгінде ауыл аймақтарда қызмет атқаруда. Осы бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарын бітірген дипломды жастар білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет, спорт және ветеринария салаларына жұмысқа орналастырылған. Осы жылдар арасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 4 226 жас маманға бағдарлама бойынша жолдама берілсе, 1 338 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 699 жас маманға жолдама беріліп, тұрғын үй алу үшін 300 жас маманға несие қарастырылып отыр. Мұндай игі шарадан шет қалмауды құп көрген жастардың дені қалада дипломды жұмысссыз атанғанша, ауылдарымызды көркейтуге атсалысқанымыз артық дейді. Әрі жұмысты, әрі үйлі болып қалатын мұндай бағдарламаның шапағатын көргендер кейінгі толқынға насихат жасап та жүр. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Жастар ресурстық орталығының тапсырысымен «HELLO ауыл» толық метражды фильм түсірілген болатын. Қызықты кино жергілікті және республикалық телеарналардан көрсетілсе, әлеуметтік жел арқылы 1 млн. 299 мыңнан аса адам көріп, 10 мыңнан аса адам фильмге оң баға берген. Әрине мұның барлығы да аталған бағдарламаның жемісті жүзеге асырылуынан.
Динар Бекасыл