Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды апатты жағдайдағы мектептер мәселесін түбегейлі шешу, инфрақұрылымды жасақтауды тапсырды. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев Нұрлы жол елді мекенінде жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысымен танысты. Бірнеше жылдан бері Нұрлы жол елді мекені тұрғындарының өзекті мәселесіне айналған мектеп мәселесі шешімін табуда. Осы күнге дейін пайдалануда болған №50 А.Омаров атындағы мектептің апаттық жағдайда болуына байланысты, 2022 жылы 300 орындық жаңа мектептің құрылысына қаржы бөлініп, қараша айында қазығы қағылған. Бүгінгі таңда мектептің құрылыс жұмыстарын «Ar Kua Group» ЖШС-і жүргізуде. Жаңа білім ғимаратының жалпы аумағы 1,6 га аумақты құрайды. Жоспарға сәйкес, аталған білім мекемесі желтоқсан айында тапсырылмақ. Қазіргі таңда нысанның іргетасы қалануда. Мердігер мекеме өкілі қажетті құрылыс заттары толықтай жеткізілгенін айтып, жұмыстың жай-күйін баяндады. Аудан басшысы құрылысқа жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарта отырып, құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды. Cодан соң аудан әкімі Құркелес ауылдық округі, Дастан елді мекеніндегі ауыз су қоймасының және ұңғымалардың жағдайын бақылап қайтты. Айта кетсек, Дастан елді мекенінің тұрғындарына 2019 жылдан бастап ауыз су берілуде. 2022 жылдың қаңтар айында су айдау насостары істен шығып, мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 6 дана мембрана толғандықтан ауыстыру және мембраналардың жиі толуының алдын алу үшін қосымша су тазартқыш құрылғысын қою қажеттігі туындауда. Тиісті бөлім басшысына және мердігер мекеме өкіліне 6 дана мембрананы тездетіп ауыстырып, сондай-ақ қосымша су тазартқыш құрылғысын қойып, аталған елді мекен тұрғындарына барынша ертерек ауыз су беру қажет екені ескертілді.