Кезінде ауылдағы мәдениет ошақтарының есігіне қарап құлып салынып, мүлде жабылып қалған кездер де болған. Бүгінде шүкір осы мәдениет саласының шамшырағы қайта жана бастады. Оңтүстік Қазақстан облысында мәдениет саласына көптеп көңіл бөлінуде. Соның арқасында ауыл, аудандардағы кітапханалар қайта ашылып, семіп қалған тамырына қан жүгіре бастады. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 модельді кітапхана» жол картасы бойынша бүгінде ауқымды тірліктер атқарылуда. Жуырда Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық кітапханасы заман талабына сай жаңаша жабдықталып, «Модельді ауылдық кітапханаға» айналып отыр. Модельді кітапхана – оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін жаңа кітапхананың стандарты. Оның басты міндеттері – компьютерлік технологияларда енгізудің арқасында электронды ақпараттар қорын қалыптастыру, кітапханалық қорларды дамыту, материалдық – технологиялық базаны нығайту. Бұл өз кезегінде қазына ордаларының материалдық—техникалық базасы жақсарып, кітап қоры артып, ғаламтор ресурстарына қол жеткізілетін болады. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 модельді кітапхана» жол картасы бойынша үш бірдей – Бөржар, Бадам, Бөген ауылдық кітапханалары модельді кітапхана болып ашылды. Бөржар модельді ауылдық кітапханасы салтанатты түрде ашылып, лентасы қиылды. «Кітапхана – білім ордасы» мерекелік іс-шарасына қатысқан бірқатар қонақтар түрлі кітаптар сыйлап, кітапхана қорын толықтырды.