Бекітілген кестеге сай, аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі Киелітас ауылдық округінде өтті. Кездесу барысында аудан басшысы Төлеген Телғараев 2023 жылы округ аумағында жүзеге асатын жобалар мен бірінші тоқсанда өткен кездесуде тұрғындар көтерген өзекті мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Кездесу уақытының басым бөлімі регламентке сай, сұрақ-жауап форматында өтіп, аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, мәселені шешу жолын талқылап, ол бойынша халықтың ұсыныс-пікірін тыңдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған барлық саладағы реформалар туралы әңгімелеп, еліміздің қоғамдық – саяси өмірінен халықты хабардар етті. Жылдың басында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан 8 мәселесі көтерілген. Сол мәселелерді шешу бойынша іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілу нәтижесінде 5 мәселе өз шешімін табуда, атап айтқанда: 1. Жыланбұзған көшесі облыстық маңызы бар жол болуына орай түнгі жарық шамдары 2022 жылы облыстық транспорт және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан орнатылған. Қазіргі таңда нысан қабылданып, «Энергопоток» ЖШС мен келісім-шарт түзілуде. Ары қарай «Жарық жол» МКК өткізіліп, 2023 жылдың мамыр айында жарық іске қосылатын болады. 2. Аудан бойынша облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойына 2023 жылы 6 жерге «Сергек» камералары орнату жоспарланған. Соның 1 данасы Сұлтан Рабат ЖОМ алдындағы бағдаршамға орнатылатын болады. 3. «Оңтүстік Жолдар» МКК тарапынан Сұлтан Рабат ЖОМ алдындағы тротуардың су жиналатын жол шеті қазылып, су жиналмайтындай етіп арық жасалды. 4. Сұлтанрабат елді мекенінен Наурыз алаңшасына 1,29 га жер анықталып, «Киелітас ауылдық округ әкімі аппараты» ММ меншігіне, тұрақты жер пайдалану құқығымен, аудандық тұрақты жер комиссиясының оң қортындысы алынды. Бүгінгі күнге жерге орналастыру жобасы әзірленуде. 5. Бадам өзенінен өтіп, мазаратқа баратын аяқ жол көпірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тіреу конструкцияларын күшейту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жақтауларын (перилаларын) жиілету, бетондау т.б жұмыстар бойынша 11,5 млн теңгеге сметалық құжатты әзірленді. Алдағы болатын бюджетті нақтылау кезінде қаржы қарауға ұсынылатын болады. Іс-шарадағы қалған 2 сұрақтың құрылыстары келесі жылдары пайдалануға берілетін болады. 1. М.Бишимбаева көшесіне 2023 жылы сметалық құжаты әзірленуде. Алайда құрылысына қаржы қарау жұмыстары 2024 жылға атқарылатын болады. 2. Жыланбұзған көшесіндегі электр желілері «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 2024-2026 жылдарға инвест бағдарламасы аясында СИП кабельге ауыстырлатын болады. Одан бөлек облыстық бюджет есебінен ағымдағы жылы Сұлтан Рабат елді мекенінің, Ескіқорған, Жалын, Қарауылтөбе көшелерінің электр желісі мен трансформаторлары жаңартылатын болады. 1 мәселе бойынша аудандағы қоғамдық көлікті (газель) Жыланбұзған ауылының соңына дейін жүргізу туралы ұсыныс берілген. Алайда, ауылға арнайы Ленгір-Шымкент бағытындағы қоғамдық көлік жүру бекітілген, Сұлтан Рабат аумағынан бұрылатын жерден кептеліс орын алады және бекітілген жол жүру картасына сәйкес жүргізілу керек деген уәжбен көлік басқармасы тарапынан рұқсат берілмеді. Кездесуге қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы VIII шақырылым депутаттарының іске кіріскенін, олардың сайлауалды уәделердің үдесінен шығу үшін жұмыс жүргізетінін айтты.