Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Бұл — біздің таулар» атты фестиваль өтті. Фестивальді Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустириялды-инновациялық даму және туризм басқармасы ұйымдастырды. Оған облыс тұрғындары мен қонақтары, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналған бұл шара биыл өзгеше форматта ұйымдастырылды. Табиғаты көркем, таулы аймақ Төле би ауданы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінде өткізілген шараға қатысушылардың қарасы қалың болды. Бұл бұқаралық спорт түрлерін насихаттаудың нәтижесі деуге де болар. Өйткені бүгінде аталған спорт түрі кең дамып келеді. Іс-шараға қатысушылар Өгем тау жотасының шығысы жағында орналасқан «Тәуелсіздік» шыңын бағындырып рекорд орнатты. Қауіпсіздік ережелеріне баса мән беріліп, арнайы жол көрсетушілердің көмегімен тауға шыққан жастар 2200 метр биіктікті бағындырып, өз алдарына рекорд жаңартты. Одан бөлек суретшілер сайысы да ұйымдастырылды. Таудың тынысты ашатын саф ауасымен тыныстап, табиғат аясында сурет салған суретшілердің шабыты оянғаны анық. Өйткені олардың қылқаламынан шыққан туындылардың барлығы да жоғары сыйлыққа лайық. “Bal Tekstil” кілем тоқыма фабрикасының демеушілігімен «Біз туризм және экологиямен біргеміз» қайырымдылық шарасы өткізілді. Аталған шара қоғамдағы өзекті мәселе — ата-ана қамқорлығынан айырылған жандарға арналды. Фестиваль қортындысы бойынша белсенді жастар мен суретшілер марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.