Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш болып ашылған Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бүгінде көптеген игі шаралардың ұйытқысы болып келеді. Мұнда қазақ халқының өткені мен бүгіні туралы сыр шертетін қойылымдар, ұлттық сал дәстүрді дәріптейтін іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ұжым мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырған емес. Жуырда облыстағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана оқырмандарына Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлері Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына, Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер күніне орай «Атадан қалған асыл мұра» тақырыбында арнайы кеш ұйымдастырды. Өмірден теперіш көрсе де, мұқалмаған, жігері мықты жандар үшін бұл кеш рухани ләззәт сыйлады. Орталық әдіскері А.Орынбекова «Алаш қайраткерлерінің еңбектеріндегі салт-дәстүр мәселесі» тақырыбында лекция оқыды. 1905-1917 жж. аралығында салт-дәстүрлеріміздің ұмытылуына жол бермей, қазақтың қарлығаштары болған «Айқап» және «Қазақ» газеттеріне жариялап отырғанын жеткізді. Әдіскер Л.Кәдірбек «Құлақ тесу, Қапқа салу, Қыз ұзату, Сыңсу, Киелі киім» тақырыптары аясында баяндама жасады.
Орталықтың айтыскер-әдіскері Есенқұлов Нұрлан және Қуатбай Нұрмағанбетов кітапхана оқырмандарына арнап тәлімдік терме және халық әндерін орындады. Оқырмандар әртүрлі ұлт өкілдерінен құралғандықтан, орталықтың аудармашысы Б.Әзімханова лекцияны орыс тілінде түсіндіре отырып, дәстүрлердің мағынасын ашып берді. Орталық қызметкерлері алдағы уақытта да мұндай шаралар легін дәстүрлі түрде өткізіп тұратын болады.