Жат ағымның жетегінде кетіп адасып жүргендерді бүгінде жоқ дей алмайсыз. Мұндай келеңсіз жәйт әр аймақта, әр өңірде бар. Осындай оспадарсыздықтардың орын алмауы үшін салдарымен емес, себебімен күрескен әлдеқайда тиімді. Сол себептен де бүгінде жастарды теріс әдеттерден сақтандыру үшін түрлі тақырыптағы кездесулер ұйымдастырылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы орталығындағы №9 лицейде Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының, «Әлеуметтік бастамалар орталығы» және мектеп ұстаздары мен оқушылардың қатысуымен «Жастар теріс ағымдарға қарсы!» тақырыбында жиын болып өтті. Жиында оқушыларға бағыты теріс діндердің жетегінде кеткендердің қандай қиындықтарға тап болатындығы туралы бейнефильм көрсетілді. Естігеннен көрі көргенін көп көкейге түйетіндіктен жастар аталған бейнефильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Мұндай жат тірлікке ешқашан да қадам баспайтындықтарын, дәстүрлі дініміздің ақ жолынан айнымайтындықтарын айтты. Әлеуметтік орталықтан келген дінтанушы маман жастарды өз діндерін берік ұстауға, ата-аналарын, ұстаздарын, ең бастысы бір бірін құрметтеуге шақырды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Д.Дүйсебаев жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстардың өткен жылы біраз төмендегенін айтып, оқушыларды сабақтан шыққан бойда интернет немесе компьютер клубтарына емес, үйлеріне баруға, ата-аналарына жәрдемдесуге, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, кітап оқуға, ғаламтордан өздеріне пайдалы дүниелерді ақтаруға шақырды. Жиын соңында №9 лицей оқушылары өз өнерлерін ортаға салды.