Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасы жас ұрпаққа өнеге боларлық өрелі кештерді жиі ұйымдастырып тұрады. Жуырда ұжым
қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан өнертанушы, ғалым, қаламгер Өзбекәлі Жәнібеков туралы керемет кеш ұйымдастырды. Әрине ұлтына аянбей еңбек еткен ерлерді еске алып, жастардың санасына сіңірудің берері мол. Бұл шараны Облыстық жасөспірімдер кітапханасы Өзбекәлі Жәнібековтің 85 жылдығына арнапты. Әрі кештің тақырыбын да тамаша ойластырған. «Рух сардарына айналған ақберен» атты еске алу кешінен оқушылар көптеген тәлімдік тәрбие ала алды. Кешке Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта мектебінің оқушылары қатысты. Іс – шара барысында оқырман қауымға айтулы тұлға жайында көптеген мардымды мағлұматтар беріліп, викториналық сұрақтар қойылды. Мектеп оқушылары Ләззат Қанатхан, Мұхаммедкәрім Ғайбулла, Азамат Жақсылық, Анарбек Жанель, Ерманбаев Нұрдәулет атсалысты. Ақын-жазушылардың Өзбекәлі Жәнібековке арнап жазған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ө. Жәнібековтың еңбек жолы туралы арнайы дайындалған бейнебаян көрермен назарына ұсынылды. Кеш соңында Ө.Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта мектебінің аға тәлімгері Кошқаров Ернұр Сейілханұлы осындай шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына өз алғысын білдірді. Келген қонақтар естелік суреттерге түсті. Өнер жанашыры, ұлт мәдениетінің көшбасшысы, рух сардары Өзбекәлі Жәнібековтың 85 жылдығына арналған кештен көпшілік жақсы әсер алып тарқасты.