Бүгінде әлеуметтік ахуалы жақсарып, бизнесін дөңгелетіп отырғандар қатары артып келеді. Кәсібін ашып, нәсібін арттырамын дегендерген жол ашық. Кәсіпкерлерге аз пайызды несие беріліп, сол арқылы тасын өрге домалатып отырғандар алдағы уақытта тағы да өрісін кеңейтемін дегендер «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы аз пайызды несие алуда. Оңтүстік Қазақстан облысында 2011-2013 жылдар аралығында «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 1003 жоба 2,1 млрд.теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 888 жоба; егін шаруашылығы бойынша 106,5 млн.теңгеге 44 жоба; ал әр түрлі қызмет түрлері бойынша 150 млн. теңгеге 71 жоба қаржылай қолдау тапқан. «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Хилола Назарметова: «Биыл «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы бойынша облысымызға 7,0 млрд.теңгеден астам қаражат бөлініп, оның 3,8 млрд.теңгесі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы таратыллы. Аталмыш қор арқылы берілетін несиенің ең жоғарғы сомасы 3,0 млн.теңгені құраса, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы таратылатын несиенің максималды сомасы 6,0 млн. теңгені құрайды»,- деді. «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында несие алуға ниет білдірген азаматтар ең алдымен бағдарламаның талаптарына сай келу керек. Берілетін несиенің максималды сомасы 6,0 млн.теңге, жылдық сыйақысы 7%, 54 айға дейін беріледі. Ал несие алушыларға қойылатын талаптар: бизнесті (жобаны) іске асыратын орнының болуы, несие тарихының таза және соңғы 12 ай ішінде төлемі кешіктірілген несиесі болмауы шарт.