Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында экономикасы дамыған, әлеуметтік мәселелері оң шешімін тапқан аудандар баршылық. Табиғаты көркем, облыс бюджетіне қосып отырған түсімі қомақты аудандардың бірі Түлкібас ауданы. Облыс бойынша түкпір түкпіріндегі ауылдарға дейін 100 пайыз газдандырылған жалғыз аудан да осы Түлкібас ауданы. Аталған ауданда 1991-2016 жылдары әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, ауданда кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға өркендеп келеді. Бүгінде ауданда алма кластерін дамыту қолға алынуда. Сондай-ақ, табиғаты көркем аймақ туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Аудан тұрғындарының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан алдағы уақытта сүт кластерін дамыту да жоспарда тұр. Бүгінде ауданда кәсіпкерлер қатары да артып келеді. Шағын бола да өз кәсібін бастап, аз ғана болса да жұмыс орындарын ұсынып отырғандар баршылық. Аудандағы кәсіпкердер саны үш мыңға жуықтаған. 1991 жылдары Түлкібасқа тартылған инвестиция көлемі 37 млн. теңге болса, биылғы жылы 19 474 млн. теңгеге жетіп отыр.
Әуелхан Тұрғымбеков, Түлкібас ауданының әкімі:
— Ауданымыз табиғаты тамаша туристік аймаққа жататындықтан ауданға инвестиция тарту мәселесінде жобаның Түлкібастың климатын бұзбайтындай қауіпсіз болуын қатаң қадағалаймыз. Яғни, біздің ауданда орналасып, жұмысын бастайтын өнеркәсіп орындары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, терең өңдеу, мал бордақылау, етті өңдеу сынды зиянсыз кәсіп түрлерімен айналысатын болады.
Ауданда 1991-2016 жылдар аралығында барлығы 1619,5 га жерге алма бау мен жүзімдіктер егіліп, 13,5 га жерге жылыжай салынған. Баланың жұдырығындай, иісі аңқыған алмалары келешекте Түлкібасты әлемге танытатын шығар, бәлкім!