Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған өңір саналатын оңтүстікте онамастика саласының күн түсуі тиіс көлеңкелі тұстары көп болып тұр. Тілдік қоры өте бай бола тұра атау беруге келгенде жұтаңдыққа жол беретіндері түсініксіз. Мәселен, Шымқалада «Самал» атты ықшамаудандар өте көп. «Кіші Самал», «Самал-1» , 2 ,3 деп кете береді. «Қайтпас» та қайталана береді. Осы «Самал» атауынан басқа атау жоқ па деп таң қалмасқа шара жоқ. Өйткені осы аттас ықшамаудан республиканың барлық облыс орталықтарында бар екен. «Самалдың» не сиқыры барын кім білсін? Әйтеуір қазақта небір әдемі атаулар құрып қалғандай осы атаудан айырылғымыз келмейді. Одан қалса, «Шапағат» ықшамауданы бар. Ол да жалғыз емес. Екіншісі бар. «Достық» та солай. Сондай-ақ, қазір облыс орталықтарында «Астана» деген ықшамаудандар көбейіп келеді. Жергілікті жерге астананың атын жапсыру жараса ма? Кеңестік кезеңде аты берілген «Сәуле» атты ықшамаудан бар. Әзірге ол жалғыз. Елді-мекендерге, ықшамаудандарға кісі есімін беруге болмайды деген мәселе мұнда жүрмейді. Өйткені «Сәулені» атауы беріде тәуелсіздік таңы атқанда қойылған атау емес. Кеңестен қалған бір елес. Оның үстіне ат ауыстыру мәселесі машақаты көп шаруа көрінеді. Бүгінде Шымкенттің етегі жайылып бара жатқаны белгілі. Жаңа ықшамауданның қазығы қағылғаннан бастап ел елеңдеп отырады. «Қандай атау берер екен» деп. Алайда алабұртқан көңілді мезі ететін атаулар әлі де қалмай келеді. Шымкенттің шет жағынан «Солтүстік-Батыс» деген ықшамаудан бой көтеріп келеді. Басқа атау табылмай қалды ма деп таңқалмауға шара жоқ. Онамастика комиссиясы мүшелерінің айтуынша мұнда әзірге қоныстанушылар жоқ. Тек жер телімдері бөлінген. Егер тұрғындар саны артып солар ұсыныс түсірсе, ықшамауданға әсем атау беруге болады екен. Тағы да «самалдатып» тұрмаса екен дейсің… Көше атаулары да анау айтқандай мақтанарлықтай емес. Қаламы жүйрік қарымды жазушы Мархабат Байғұт кезінде «Атамның атын — ауылға, көкемнің атын – көшеге..» дегені бүгінде мәтелге айналып кетті. Расында есімі елге етене таныс емес кісілердің аттарын көшеге беру үрдісі оңтүстікте бүгінде жарысқа айналды. Біреудің батыр бабасы, біреуінің соғысқа қатысқан атасы, енді бірі колхоз бастық болған, ең арысы бір ауылдың баскөтерері болған … дегендей кете береді. Олардың барлығының да азды-көпті елге еңбегі сіңген шығар, алайда бәріне көше атауын беру көңілге қонымды ма? Мәселе осында… Рес¬публика бойынша бүгінде бір мыңнан астам елді мекеннің атауы өзгертіліпті. Оның 404-і оңтүстіктің еншісінде. Оңтүстік Қазақстан облысында 873 елді ме¬кеннің 404-ін өзгер¬т¬-кеннің өзінде әлі 33 ауылдың атауы бүгінгі заман та¬ла¬бына сай болмай тұр екен. Ұлттық нақышқа сай атаулар таңдау бүгінгі күннің басты мәселесі болуы тиіс. Әсіресе шекара маңындағы елді мекен атаулары еліміздің бет-бейнесі іспетті емес пе? Осы мақсатта Өзбекстанмен шека¬ра¬лас жатқан аудан, кент, ауыл атауларын ауыс¬¬¬ты¬руды бірінші кезекте қолға алынған-тын. Мақтаарал, Сарыағаш, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында 92 елді мекен жаңа атауға ие болған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 33 ауылдың байырғы атауын қайтаруды, бүгінгі күнге сай келмейтін 597 көшенің атын өзгертуді, жаңадан салынған 506 көшеге ат қоюды міндеттеген болатын. Облыстық о¬номастикалық комиссияның мәжілісінің хаттамалық ше¬шімімен Шымкент қаласындағы отаршыл¬дық-тота¬литарлық дәуірлерден қалған 200-ден астам көше аттарын лайықты атаулармен өз¬гер-туге шешім шығарған еді. Алайда қаланың түкпір-түкпіріне құзырлы органның қолы жетпеген жерлер баршылық. Мәселен, облыс орталығында 112-ші орам бар. Мұндағы көшелердің басым бөлігі жеміс-жидектің атын иеленген. Яблоневая, Орехова, Абрикосова деп кете береді. 20 жыл өтсе де қазақылықтың иісі жатпеген аймаққа енді қашан жетері белгісіз. Одан бөлек қызыл империяға аянбай еңбек еткен «көсемдердің» атауы да мызғымай тұр. «Қазығұрт» ықшамауданымен қанаттас жатқан Карл Маркс деген ауыл бар. Егемендік алып, ел еңсесі көтерілгеніне 20 жылдан асса да «Коммунизмді» аңсап жүргендер жетерлік. Қаладан Темірланға шыға берісте орналасқан «Коммунизм» ауылының аты затына сай болмай тұр әзірге. Мұндай мысалдарды қаланың түкпір-түкпірінен табуға болады…
Маман пікірі:
— Онамастика комиссиясының құрамында 17 мүше бар. Олардың арасында тарихшы, тіл маманы, жазушы, БАҚ өкілдері бар. Тұрғындар, депутаттар тарапынан келіп түскен ұсыныстарды осы комиссия мүшелері қарайды. Елді-мекендерге қайта атау беру мәселесінде сол әкімшілік аумақтық бірлестікте тұратын тұрғындардың 60 пайыздан астамы хаттамаға қол қоюы керек. Қайта атау беру кезінде құжат ауыстыру мәселесі қиындық тудырады. Біздің комиссиядан келіп анықтама алулары керек. Бір атау берілген соң ол 10 жылға дейін ауыстырылмайды. «Солтүстік-Батыс» ықшамауданын «Астана» деп атасақ деген ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ ондағылар жер теліміне мемлекеттік актілерін алғанымен тұрғындар саны жетіңкіремейді. Сол себепті олардың тарапынан хаттамаға қол қойылған ұсыныс түсуі тиіс. Сол себепті бұл мәселе шешімін тапқан жоқ.