Әлеуметтік саланың өсіп өркендеуі үшін бүгінде барынша жағдай жасалуда. Қолжетімді баспаналарды тек облыс орталықтарында ғана салып қоймай аудандарда да салу жүзеге асырылуда. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданында биыл он үй пайдалануға беріледі. «Нұрлы жол» бағдарламасының шапағатын көретіндер биыл да аз болмайын деп тұр. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілетін үйлерді кезекке тұрған азаматтар алатын болады. Құрылыс жұмыстары бітуге таяу, абаттандыру жұмыстары аяқталған соң тұрғындар жаңа қонысқа жайғаспақ. Үкіметтің жергілікті жерлерде тұрғындарды баспанамен қамту бағдарламасына сай Отырар ауданында құрылысы былтыр қазанда басталған үйлер таяуда пайдалануға беріледі. Аудан орталығында салынған ақ шаңқан үйлердің инженерлік коммуникациялық жүйелерінің құрылысы бүгінде толықтай аяқталған. Тұрғындар жаңа баспананы 5 жылдық кепілдікпен ала алады. Жаңа тұрғын үйді салуға негізінен отандық материалдар қолданылыпты. Бүгінде Отырар ауданында 500-ден аса азамат баспана кезегінде тұр. Олар тұрғын үйге мұқтаж болғандықтан жылдар бойы кезектерін күтіп келген. Енді аз ғана уақыттан кейін жаңа үйлі болмақ. Пайдалануға берілгелі тұрған үй баспанаға мұқтаж жандардың кезегін қысқартпақ. Ауданда келер жылы тағы он үйдің құрылысы басталмақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде екен. Енді аз ғана жылда ауданда баспана мәселесі толықтай шешімін табатын болады.