Білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай елордада республикалық педагогтер съезі өтті. Мұндай шара 2005 жылдан бері өткізілмеген. Қазақстанның оқу-ағарту саласы қызметкерлері мен ғалымдарының съезі алғаш рет 1924 жылы өтті. Оның жұмысына көрнекті мемлекет қайраткерлері, «Алаш» партиясының жетекшілері қатысты. Съезде оқулықтар дайындау, мұғалімдерді даярлау бойынша техникумдар мен институттар ашу, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшу және т.б. білім берудің өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында мұғалімдер съезі 1998 және 2005 жылдары өткізілді. Биыл Республикалық педагогтер съезі алғаш рет Үкімет қаулысымен бекітілген — Мұғалімдер күніне орай 5 қазанда өтті. Бұл мереке дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген болатын. Съез аясында арнайы ұйымдастырылған алаңдарда педагогтер озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша оқу, әдістемелік-дидактикалық оқу құралдарының мазмұнын жетілдіру, педагогикалық ресурстың жоғары мәдениетін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір балаға білім мен тәрбие беру үшін кедергісіз жағдай жасау мәселелері қаралады. Отырыстың пленарлық бөлігінде үздік педагогтер, сарапшы-жаттықтырушылар, жас мұғалімдер, білім беру ұйымдарының басшылары, білім беру жүйесінің ардагерлері сөз сөйледі. Республикалық педагогтер съезінде орта білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Білім беру сапасын арттырудың тұжырымдамалық аспектілері пленарлық отырыста ҚР Оқу-ағарту министрінің «Білім сапасы: жай-күйі және жетілдіру жолдары» баяндамасында жариялады. Бұл күні еліміздің үздік педагогтерін марапаттау рәсімі де өткізілді. Күні бүгін республикалық педагогтер съезі өтті. Маңызды жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту, ұрпақ тәрбиесі, ұстаздардың деңгейін көтеру, қолдауды күшейту және осы саладағы өзге де мәселелерді қозғады. Мазмұнды баяндама жасап, барша ұстазды мерекемен құттықтады. Ұстаздар күніне арнайы ұйымдастырылған ауқымды жиында Президент аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Олардың арасында Түркістан облысынан Роза Салимова да бар. Түркістандық білікті ұстаз Салимова Роза Қуанғалиқызы 2003 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік педагогикалық университетінің орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған. Алғашқы жұмыс жолын 1986 жылы Бәйдібек ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 2012 жылдан бастап С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатында орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Жоғары наградаға лайық деп танылған ұстаз еңбегіне бүкіл түркістандық ұстаздар қуанулы.