Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласындағы мәдениет үйінде 5 қазан – Мұғалімдер күні мерекесіне арналған ауқымды салтанатты шара өтті. Аталмыш іс-шараға қатысушы педагогтарды, ардагер ұстаздарды төл мерекесімен Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев пен білім бөлімі жанынан құрылған ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Ахтаев, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев құттықтады. Аталған азаматтар өз сөзінде аудан мұғалімдерінің қажырлы еңбегі, оқушылардың дарыны мен талабы нақты жемісін беріп жатқанын айта келіп, міндетін адал атқарып жүрген барша төлебилік ұстазға алғыс білдірді. Сондай-ақ, сөз сөйлеушілер аудан педагогтарының өз миссиясын әрдайым абыроймен атқаратынына сенім артып, ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән берілетінін жеткізді. Іс-шара барысында білім саласының 100-ге жуық маманына аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің, «Аманат» партиясының, салалық кәсіподақтың Алғыс хаты, Құрмет грамотасы табыс етілді. Талантты педагогтар, мәдениет қызметкерлері әннен шашу шашып, оқушылар тебірене өлең оқығанда нағыз мерекелік атмосфера сезілді. Көрерменнің назарына ұсынылған «Ұстаздарға тарту» атты сахналық қойылым педагогтар қауымының жүзіне күлкі үйіртті.