Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында рухани орда яғни, кітапханалар саны артып келеді. Мектеп оқушыларынан бастап зейнет жасындағы қарияларға дейін кітап оқуға деген құмартушылықтары басым. Оған оқу мәдениетін насихаттау жұмыстары да өз үлесін қосуда. Күні кеше Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен, Сарыағаш қаласындағы «Дәулет» сауда орталығында жылжымалы кітапхана ашылды. Бастаманың мақсаты – билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халыққа кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру, оқу мәдениетін насихаттау болып табылады. Кітапхана пунктінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары А. Қозыбаев, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ә.Жаншуақов және «Дәулет» базарының басшысы Т.Усманов қатысты. Аталмыш шараға қатысушылардың қатары қалың болды. Кітапханада сұранысқа ие көркем және салалық әдебиеттер, сонымен қатар мерзімді басылымдар қойылған. Аудан тұрғындары мен қонақтары оқырман ретінде тіркеліп кітаптар алды. Кітапхана күнделікті оқырман қабылдауға дайын. Келушілер осындай рухани шаралар жиірек ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді. Одан бөлек, жаңадан шығып жатқан сұранысқа ие кітаптар, сондай-ақ психологиялық бағыттағы кітаптар да көптеп әкелінсе деген ізгі ниеттерін жеткізді. Ерекше ұйымдастырылған шараға келушілер кешке дейін толастамады. Алдағы уақытта жылжымалы кітапханаға келушілердің қатары бұдан да көп болады деген үміт басым.