Педагог мамандардың беделін арттыру бағытында атқарылған шаруа бар, атқарылатыны әлі де алда. Тек ұстаздар күнінде ғана емес, бұл шара жыл бойы жалғасын табуы тиіс. Бүгін Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде Түлкібас ауданының педагог қызметкерлеріне арналған «Ұстазыма мың алғыс!» атты салтанатты жиын өтті. Келген қонақтар әуелі «Түлкібас аллеясында» білім беру ұйымдарының арнайы дайындаған сурет, қолданбалы қолөнер көрмесімен танысты. Аталған жиынға білім саласының ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтап, салтанатты шараны ашып берген аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов мұғалімдердің болашақ ұрпағымызды оқытып, тәрбиелеудегі рөлінің маңызы зор екенін айта келе, ұстаздарды ҚР Оқу-ағарту министрінің «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ мерекелік шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Кадырбек Изтайұлы мен Түлкібас ауданының мәслихат хатшысы Байысбаев Хамит Әлібекұлы және Кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбішев Дәулен Мырзалыұлы, білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар мен педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, марапаттады. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, білім саласының ардагерлеріне сый-сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілді.