Түркістан облысы Төлеби ауданы «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Мәміле» клубының жұмыс жоспары аясында әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінде дөңгелек үстел өтті. Аталмыш дөңгелек үстел «Мәңгілік жаса, елім менің, Қазақстаным!» тақырыбына арналды. Шараға әл-Фараби және Тағайын мектептеріндегі қазақ тілін деңгейлеп оқыту курсының қатысушылары мен тілдің белсенді жанашырлары қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін талқылап, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы туралы өз пікірлерін білдірді. Олар қазақ тілінің қазақ мәдениеті мен тарихының құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Ол Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерін байланыстырушы буын болып, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға атсалысады. Дөңгелек үстелге қатысушылар қазақ тілін одан әрі дамытып, кеңінен насихаттау қажеттігін де атап өтті. Олар Қазақстанның бай лингвистикалық мәдениетін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін барша қазақстандықтарды мемлекеттік тілді үйреніп, күнделікті өмірде қолдануға шақырды. Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар қарар қабылдап, онда мемлекеттік тілді қолдайтындықтарын білдіріп, барша Қазақстан азаматтарын қазақ тілін өмірдің барлық саласында белсенді қолдануға шақырды. Сондай-ақ Республика күні мерекесінің мән-маңызы, қоғамда тұрақтылықты сақтауға бағытталған мәселелер талқыланды. Қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау барлық қазақстандықтарға ортақ іс екендігі аян. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген табыстарын насихаттау, қазақстандық рухани бірлікті нығайту және этнос өкілдерінің қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру болды. Сонымен қатар басқосуда қатысушылардың тілдерді білу деңгейі бойынша сауалнама жүргізіліп, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Мақпал Әділмұрат қазақ тіліндегі кейбір сөздердің дұрыс айтылуы мен жазылуы туралы ақпарат берді. Шара барысында еліміздің негізгі жетістіктері туралы сұрақ қойылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар үлестірілді.