Білімділігімен, ізденімпаздығымен көзге түскен түркістандық оқушылар халықаралық аренада өз мүмкіндіктерін тағы бір паш етті. Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінің директоры Лаззат Нысанқұлова Түркиядағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық академиясының ректорымен ынтымақтастық меморандумына отырған болатын. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру барысы бойынша меморандум түзілген болатын. Осы бойынша оқушылар Түркияда өткен халықаралық олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болды Халықаралық туризм және қонақжайлылық академиясының шақыруымен Түркияда өткен халықаралық олимпиадаға оқушылар екінші рет қатысып, жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Түркістандық мектеп оқушылары Түркияның Анталия қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша XV халықаралық олимпиадаға қатысып өз білімдерін дәлелдеді. Олимпиаданы Туризм академиясы 2-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырды. Әр елден келген оқушылар өз білімдерін сарапқа салды. Олимпиадаға Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Кения, Нидерланды, Украина, Алжир, Иран, Ливан және басқа елдерден мектеп оқушылары қатысты. Оқушылар әртүрлі жалпы білім беретін пәндер бойынша өз білімдерін көрсете отырып, әртүрлі елдерден келген құрдастарымен сайысқа түсті. Өз білім дәрежелерін дәлелдеп шықты. Математика, ментальды арифметика, орыс тілі, ағылшын тілі, физика, химия, биология, түрік тілі, география, дүниежүзі тарихы, бейнелеу өнері қоршаған орта пәндерінен өткен олимпиадаға №28 мектеп-лицейінен 12 оқушы қатысып, 11 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 9-сынып оқушысы Абдулла Ғазиза орыс тілі пәнінен ІІІ орын, 8-сынып оқушысы Болатхан Назерке биология пәнінен ІІІ орын, 8-сынып оқушысы Тынышбек Бектұр тарих пәнінен ІІ орын, 8-сынып оқушысы Мейрамбекқызы Нинель орыс тілі пәнінен ІІІ орын, 5-сынып оқушысы Абылқасымова Кәусар орыс тілі пәнінен ІІІ орын, 10-сынып оқушысы Даулеталлина Мөлдір орыс пәнінен ІІІ орын, 10-сынып оқушысы Даулеталлин Абдуәлім «Мистер Олимпиада» номинациясы, 8-сынып оқушысы Асланұлы Ернұр география пәнінен ІІІ орын, 11-сынып оқушысы Затай Қалбибі бейнелеу өнерінен (анималистика жанры) І орын, 5-сынып оқушысы Саңғылбай Шұғыла математика пәнінен ІІІ орын, 10-сынып оқушысы Лесбай Мөлдір география пәнінен ІІ орын, биология пәнінен ІІІ орын иегерлері атанды.
Оқушылар «Сәттілік сәті» командалық жарысынан жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, кубок иеленді. Жеңімпаз оқушыларды мектеп ұжымы мен ата-аналар оқушыларды Түркістан әуежайынан салтанатты түрде күтіп алды, зор қошемет көрсетті.