Түркістан облысында оқу мәдениетін насихаттау мақсатында кітап оқудан жарыс ұйымдастырылуда. Жобаға кітапқұмарлар қызыға қатысуда. Соның арқасында бүгінде кітапхана оқырмандары қатары артып келеді. Жуырда «KitapХАН@» кітап оқу жобасының педагогтар арасындағы ІІІ айналымының 10 апталық шығарылымы өтті. Бүгінгі апталық шығарылымда Түркістан облысына қарасты Қазығұрт, Жетісай, Ордабасы, Мақтаарал, Келес аудандарының білім беру ұйымдарының педагогтері қатысып, оқыған көркем әдебиеттерін оқырман қауымға дәріптеді. Әрине кітап оқыған адамның білім көкжиегі кең болатыны сөзсіз. Өз кезегінде білімді ұстаз білімді шәкірт тәрбиелейтіні белгілі. Жарыс нәтижесінде Жетісай ауданы, М.Маметова атындағы №33 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бейсебаева Жанара Т.Әсемқұловтың “Бектұрсынның қазынасы” атты кітабын дәріптеп, 49 пайызбен апталық жеңімпазы атанды. Көркем шығарманың өн бойында өрілген оқиғаларды әспеттеп, суреттеп берді. Соның арқасында, айлық сайысқа жолдама алды. Сонымен қатар, бүгін “KitapХАН@» кітап оқу жобасының педагогтар арасындағы ІІІ айналымының 2 айлық шығарылымы өтті. Бүгінгі айлық шығарылымда Төлеби, Ордабасы, Шардара, Сауран аудандарынан жалпы педагогтер қатысып, оқыған керемет көркем әдебиеттерін оқырман қауымға жеткізді. Әр байқау сайын кітапқұмарлар қатары артып келе жатқаны байқалады. Байқау нәтижесінде Шардара ауданынан Мажитова Салтанат жүлделі ІІІ орын, Сауран ауданынан Садыбекова Ұлжан, жүлделі ІІ орын, Ордабасы ауданынан Алимкұлов Нұртас жүлделі І орынды иеленіп, айлық жеңімпазы атанып, жылдық сайысқа жолдаманы қанжығасына байлады. Алдағы уақытта рухани қазынаны дәріптейтін мұндай шаралар жалғасын табатын болады.