Әсия Темірбаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
«Игілігі мол бағдарламаларды тиімді пайдалана алмайтындар көп»
– Облыста «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? Осы бағдарламаның үш бағытының облыста қалай жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз?
— Бұл бағдарлама 2011 жылдан бері іске асырылып келе жатқаны белгілі. Аталған жылы бағдарлама төрт бағыт шеңберінде жүзеге асырылса, 2013 жылдан бастап үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда бағдарламамен қамтылғандардың саны республикалық көрсеткіштің үштен бір бөлігін құрап отыр.
Бағдарламаның бірініш бағыты: «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету», яғни тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік-мәдени және инженерлік-көлік инфарқұрылым нысандарын жөндеу, сондай-ақ ауылдық жерлерге фельдшерлік-акушерлік пунктер мен дәрігерлік амбулоториялардың құрылысын жүргізу, елді мекендерді абаттандыру арқылы жұмыс орындарын ашу, оған сол жердегі жергілікті елді мекендегі жұмыссыздарды жұмыспен қамту болып табылады. Былтырғы жылы аталған бағыт шеңберінде облысымызда 677 нысанға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 4447 жаңа жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 2 478 азамат халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданды. Бүгінгі таңда бұл бағыт шеңберінде ауылдық жерлерде жұмыссыздықты төмендетіп қана қоймай, қосымша жөндеуге зәру әлеуметтік нысандар халық игілігіне беріліп, Елбасымыздың жолдауына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға кіріп шығуына ыңғайлы ортаны қалыптастыру мақсатында білім, спорт және мәдениет саласындағы мекемелерге пандустар орнатылды.
Екінші бағыт: «Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту». Аталған бағыт жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды, экономикалық тұрғыдан белсенділікті арттыруды, сондай-ақ даму әлеуеті жоғары жақын орналасқан елді мекендерге тірек болар ауылдарды кешенді дамытуды көздейді. Жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау дамуы орташа және жоғары ауылдарда, шағын қалаларда, кенттерде жүзеге асырылса, ал әлеуеті жоғары деңгейдегі үлкен қалаларда жүзеге асырылмайды. Әсіресе тірек елді мекендерге басымдық беріледі. Ал, осы берілетін несиенің шарттары қандай? Соған кеңірек тоқталып өтетін болсам, жалпы бұл несие мақсатты, яғни қарыздарды өтеуге, тұрғын үй алуға, көлік немесе сауда саласындағы қызметті атқаруға емес өз ісін ашуға, кеңейтуге берілетін несие болып табылады. Сонымен қатар, шағын несие 3 миллион теңгеден аспайтын 5 жыл мерзімге беріледі. Обылысымызда өңірлік комиссияның шешімімен қаржы операторы ретінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» танылып, уәкілетті орган тарапынан 6 пайыздық сыйақымен несие берілді. Әрине, әрбір берілген несиеге ұдайы түрде мониторинг және зерделеу жұмыстары жүргізіліп отырылды. Дегенмен, алынған несиені жұмсау барысында тәжірибесінің болмауынан мақсатсыз жұмсалуын алдын алу үшін, несиеге үміткер азаматтар алдын ала кәсіпкерлік негіздерін оқуға жолданады. Арнайы мамандардан сабақ алу барысында ол өзінің бизнес жоспарын дайындауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, болашақта азаматтардың кәдесіне жарар деген мақсатта бизнес жобаның 100 түрі көрсетілген методикалық-әдістемелік оқу құралдыры беріледі. Несие алған азаматтар өз ісін дамытуға ғана қадам тастамай, ары қарай жұмыс орындарын ашу міндеттелген. Мәселен, тігін цехы болатын болса қасына міндетті түрде көмекші керек, осы ашылатын жұмыс орындары арқылы жергілікті жерлердегі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік туады. Жалпы 2014 жылы бұл бағытқа 3 миллиард 120 миллион қаржы қаралса, оның 3,9 миллиард теңгесі мақсатты жұмсалып, 1481 адам шағын несиемен қамтылды.
Үшінші бағыт: «Жұмыс берушілердің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу». Бұл бағыттың өзі екі тармақтан тұрады. Біріншісі: оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемедесу, екіншісі: еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
Бірінші тармақ шеңберінде бағдарлама қатысушыларға оқу немесе жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар беру, бос және жаңадан ашылған тұрақты жұмыс орындарына, мамандық алу, біліктілігін арттыру және қайта даярлау мақсатында кәсіби оқытуға жолдау, оларға материалдық көмек көрсету, сонымен қатар уақытша әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген азаматтардың еңбекақысын ішінара субсидиялау, білім беру ұйымдарын бітіріп, жастар практикасына жолданған түлектердің еңбекақысын төлеу секілді мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Осының нәтижесінде былтырғы жылы 18 891 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіби оқыту жұмыс берушінің сұранысы негізінде жүзеге асырылады. Бағдарлама қатысушысы жұмыс берушімен келісілген түрде кәсіптік оқу түрін және білім беру ұйымын өзі таңдайды. Кәсіптік оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады және оқу курсының мазмұнына сәйкес үш түрге бөлінеді: кәсіби даярлау 12 айдан, қайта даярлау 3 айдан, біліктілігін арттыру 1 айдан аспайтын мерзімде оқытылады. Оқуға жолданған бағдарлама қатысушысына жолақысы, шәкіртақысымен қатар шалғай болған жағдайда пәтерақысы төленеді. Кәсіптік оқу аяқталғаннан соң халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс беруші мәлімдеген жұмыс орнына жолдама береді. 2014 жылы оқуға жолданған азаматтардың ішінен 3144 азамат жұмыспен қамтылды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан бағдарлама қатысушыға мемлекет жұмысқа орналасқан күннен бастап 12 ай бойы ішінара субсидиялау арқылы жалақы төлейді. Берілетін субсидия мөлшері бекітілген жалақы мөлшерінің 35 пайызын құрайды. Алайда, тиісті қаржы заңда көрсетілген ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс. Ал, білім беру ұйымдарын бітірген жас түлек 6 ай мерзімге, мамандығына сәйкес жұмыс берушілерден түскен өтінім негізінде жастар практикасына жолданады. Жас маманның еңбекақысы толығымен республикалық бюджеттен төленеді. 2014 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған 3841 азаматтың 97 пайызы, ал жастар практикасына 3541 түлек жолданып, оның 67 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Бұл бағыттың екінші тармақшасы Қазақстан Респуликасы азаматтарының әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден өз еркімен қоныс аударуына жәрдемдесу жастарды бейімделуіне жағдайларын қамтамасыз ету. Қоныс аударту бір ауданның ішінде, бір облыс шегінде басқа ауданға немесе бір облыстан бір облысқа көшіру арқылы жүзеге асырылады. Бұл мақсатта көшу шығындарын өтейтін субсидия, қызметтік тұрғын үй, жастарға жатақханадан бөлме берілсе, сонымен қатар қажеттілігіне қарай кәсіби оқытуға жолданып, мамандық игереді және жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді қамтиды. Аталған бағыт шеңберінде 2011 жылы 480 пәтерлі 6 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілді. Бүгінгі таңда 480 отбасы сол үйлерге қоныстанып, оның ішінде еңбекке жарамды азаматтар жұмыспен қамтылды. Алайда, заңға сәйкес берілген пәтерлер жалдамалы үй болып саналады, сондықтан 5 жыл көлемінде өздерінің атына аударып тіркетіп алуына мүмкіндік берілмейді. Өкінішке орай 3,5 жылдың ішінде талапты орындамаған 3 отбасы пәтерлерін босатты. Олардың баспанасын тізімде тұрған басқа отбасылар иеленді.
— Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді, нәтиже қандай?
Бағдарлама болған соң түпкілікті нәтижесі болуы керек. Жалпы 2009 жылы жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайызды құраған болатын. Бүгінгі таңда жұмысссыздық деңгейі 5,3 пайызға дейін төмендеді. Бұған қоса, кедейлік деңгейі де айтарлықтай нәтижені көрсетіп отыр.
– Облыста жалпы 106 244 мүмкіндігі шектеулі жандар есепте тұрса, соның тек мыңнан асар аспасына ғана оңалту шаралары жүргізіледі екен. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр ма?
Оңалту шараларын талап етпейтін топтағылар да бар. Егер 106 244 мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның ішінде 37 269-сі үшінші топтағы мүгедектер, ал 13892 ол 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар. Ал 52 077 бірінші, екінші топтағылар яғни ауыр топтағылар. Біз өз тарапымыздан барынша оңалту шараларын өткізуге тырысамыз. Әлеуметтік көмек көрсету үшін былтыр 1 милиард 170 миллион теңге бөлінді. Осы қаржының есебінен 17 312 мүгедекке бұйымдармен қамтамасыз етілді.Ол санаторлық емдеу, сурдо, тифло құрылғылар, қосымша гигиеналық заттар. Одан бөлек жеке көмекші, ымдау мамандары бөлінеді, сондай-ақ 8 қызмет түрі көрсетіледі. Әлеуметтік тұрмыстық, әлеуметтік мәдени шаралар жүргізіледі. Мүгедектерді қажет жеріне жеткізу үшін арнайы әлеуметтік такси және инва такси бөлінген. Яғни, әлеуметтік қолдау шараларымен мүгедектердің 92,2 пайызы қамтылса, қалғандарына да басқа медициналық шаралар көрсетілуде деген сөз.