Өңірімізге іскерлік-әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатымен келген Батыс Қазақстан облысының делегациясы ОҚО Ордабасы ауданына да барып қайтты. Онда арнайы топ «Бөрте милка» және «Ордабасы құс» кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сөйтіп, өздеріне қажетті сұранысты осы кәсіпорындардың өнімдерімен қамтамасыз ету ниеттерін білдірді. «Бөрте милка» кешенді фермасы бүгінде тәулігіне 27 тонна сүт өндіруде. Венгриядан 408 бас Гольштейн Фриз тұқымды ірі қара әкелініп, алғашқы төлін берді. Бүгінде фермада 800 бас мал бағылуда. Сүт өндіру кешені толықтай автоматтандырылған. Сиырларды робот сауады. Әр сиыр тәулігіне 30 литрден аса сүт береді. Қазан айынан бастап, мұнда тәулігіне 50 тонна сүт өңдейтін кешен іске қосылатын болады. Ал, «Ордабасы құс» фабрикасы жылына 8110 тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Жобаның үшінші кезеңінде қуаттылық көлемін жылына 20 мың тоннаға жеткіземіз деген меже қойып отыр. Өнімнің 70 пайыздайы көршілес елдерге экспортталуда. Күрке тауық етінің құрамында холестерин болмағандықтан, ағзаға тез сіңеді. Сондықтан Ордабасы құстың еті мен шұжықтары сұранысқа ие. Батыстағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Қарашығанақ петролиум» мұнай газ өндіру компаниясы. Мұнда еншілес мекемелерін қосқанда 19 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Елбасымыз қойған талап бойынша бұл кәсіпорындар қазақстандық қамту .үлесін арттыруды көздеп отыр. Сондықтан елдегі мекемелердің өндірістік әлеуетін сараптап, өздеріне керегін осы мекемелерден сатып алмақ. Мұндай әріптестік байланыстар екі жаққа да тиімді. Өндіруші мекемелер өз өнімдерін сататын жаңа бір нарыққа жол ашса, сұраныс иелері отандық сапалы әрі арзан өнімдерді тұтынатын болады.
НҰРМАХАН Кенжехан