Жеке кәсібін ашам дегендерге тағы да ақысыз көмек көп. Бастысы, бизнеске деген ниет болса, жетеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасы бойынша бірқатар қызмет түрлерін ұсынады. Бұл түралы журналистерге кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров баяндады. Кәсіпке ынталы жандарды тегін оқытудан бөлек, енді палата салық беру бойынша есеп, І C жүйесін орнату, бизнес-жоспар дайындауға көмектесетін болады. Мемлекеттік сатып алу үшін конкурс құжаттарын реттеп, шот-фактуралар жүргізуге де үйретеді. Мұндай көмек жас кәсіпкердің аяқтан тұрып кетуіне септігін тигізбек. Ағымдағы жылы бухгалтерлік және салық есептерін жүргізуге байланысты 774 қызмет көрсетілген. Кедендік рәсімдер бойынша 136 кәсіпкер көмек көрді. 47 жағдайда нақты өнімнің тарифтік және тарифтік емес қызметі бойынша кеңес берілді. Сондай-ақ, дәл осы жылы 1032 азамат кәсіпкерлік мектептерінде арнайы оқу конкурсынан өткен. Білім алғандардың арасында 152 жас кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, 178 млн. теңгеге қаржыландырылды. Мұнан өзге, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы негізінде 547 адам оқытылып, оның 125-і жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
КЕНЖЕХАН Дүйсенбі