Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауанында ерекше жүгері өседі. Агроөнеркәсіптің тетігін тапқан Ерлан Көмекбаев — рекордсмен атануға лайықты азамат. Өйткені, ол өсірген дақылдың биіктігі 4 метрге жетеді. Шаруаға мығым кәсіпкер гектарынан 90 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Мамандығы бойынша құрылысшы азамат: «мен өсірген жүгері табиғи таза дақыл. Ешқандай химикатпен залалсыздандырылмаған», — дейді.Түгін тартсаң майы шығатын Сайрам жерінде өспейтін, өнбейтін дақыл жоқ. Алайда, дәл мынадай жүгері бұған дейін бұл далада өскен емес. 70 гектар алқапта жайқалып тұрған дала аруына қарасаң, көз тоймайтындай… Жаңашыл азамат Ерлан Көмекбаевтың бұл еңбегін ерекше жаңалық деуге әбден негіз бар. Мал баққанға бітеді. Ал, егін де сондай, баптай білсең ғана бітік өнім аласың. Ал, мына жүгерілер де сондай еңбектің арқасында өсіп тұр. Мұның дәл қазіргі биіктігі үш жарым метрге жеткен. Ал, оруға дейін біршама уақыт бар. Демек, ол төрт метрге жетеді…. Ерлан Көмекбаевтың жүгері өсірудегі бұл — алғашқы тәжірибесі. Соның өзінде дақыл бітік әрі биік өсіп тұр. Бұйыртса, мол өнім алу жоспарда бар. Бұл — көптеген кәсіпкерлер үшін мал азығының берік қоры. Ал, ең бастысы, Ерлан Көмекбаев өсірген жүгері – таза, табиғи өнім. ЕРЛАН КӨМЕКБАЕВ – КӘСІПКЕР «Біз мұны облыста бірінші рет егіп отырмыз… гектарынан 90 тоннадан өнім алсақ қандай пайда? Жүгері уланбаған….өзіміздің Ақсудың суымен суғарып отырмыз…. Мұны жеген малдың еті де таза болады)» Жаңашыл жан тек шаруашылық жұмыстарымен ғана шектеліп қоймаған. Ол сонымен қатар, үйіргелік ауласында да бау – бақша өнімдері мен түрлі жеміс ағаштарын өсіруде. «Дала жұмыстарынан келгенде өз аулаңдағы шаруаны күтіп-баптау да адамға рахат сыйлайды», — дейді кәсіпкер. Перзенттерін де осыған баулыған.
МҰХТАР Атабек