Ұзын құлақ қоян өсір, пайдасы оның көл-көсір. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкер Мирабдумәжіт Мірхашімов қоян бағып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бастапқыда 10 қоян сатып алған кәсіпкер қазір ұзынқұлақтың санын 3 мыңға жеткізді. Қоянның етін айтпағанда, үлпілдеген жүнді терісінің өзіне сұраныс жоғары.Шағын және орта бизнесті дамытуды көздеген Мірхашімовтер әулеті қоян өсіруді 2015 жылы қолға алған. Екі жылда мол табысқа кенеліп отыр. Үй қояндары – тазалықты жақсы көретін өте кірпияз жануар. Нәзіктігімен де ерекше. Күтуші адамға тез үйренеді. Сондықтан оларды бағып, өсіру қиын шаруа емес. Алғашында қоян өсіруге кәсіпкер тек хоббиі ретінде қараған. Әрі үйдегі кішкентай балаларына ермек үшін асырапты. Ебін тапқан екі асайды. Кейін табыс кілті екеніне көз жеткізді. «Қоян етінің емдік қасиеті бар»,- дейді кәсіпкер. Соған қарай сұраныс та жоғары. Келісін 2 мың теңгеден сатып алушылар көп екен. Ұзынқұлақ жануар өте өсімтал келеді. Жылына 3-4 мәрте төлдейді. Әрқайсысы 6-дан 14-ке дейін көжек әкеледі. Ғалымдар үй қояны жеті айлығына дейін ядролық қалдықтарды, сондай-ақ, гербицид пен пестицидті бойына сіңірмейтінін дәлелдеді. Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Есесіне ақуызға, витамин мен минералға бай. Қоян еті тағам аллергиясына шалдыққандарға, ішек құрылысы мен өт жолдары ауыратын науқастарға таптырмайтын тағам. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар екен.
ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы