Шыбық ексең, шынар өнетін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында жүгері өсіру ісі қарқын алып келеді. Жергілікті шаруалар табысы көп болғанға осы дақылға ден қойған. Мұнда қазір жүгеріні ұзақ уақыт сақтайтын кәсіпорын да салынып жатыр. Ол инвесторлардың есебінен еңсе тіктеуде. Төлеби ауданындағы Зертас ауылдық округінде 4 434 гектар егістік жер бар. «Сейдіраман» өндірістік кооперативі шаруа қожалығы осы маңдағы 450 гектар жерді игеріп отыр. Оның 80 гектарына жүгері егілген. Бұған дейін дайын жүгеріні сақтауға сескенген шаруалар, енді дәнді дақыл күтімі үшін алаңдамайды. Себебі, арнайы кептіру, сақтау және құрама жем шығару зауыты құрылып, еңбекті дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Өндірістік кооперативте 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жиын-терім маусымында тағы 30-ға жуық тұрғын уақытша еңбекке тартылады. Ал, дақылды жинау үшін 25 арнайы техника бар. Бұл кешен, әзірге, өз алқабында өсірілген жүгеріні ғана өңдейді. Келешекте өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр. Жергілікті билік кластерлі өндіріс қарқын алса, ауданда бірқатар мәселе өз шешімін табады, — дейді. Ол ең алдымен, жұмыссыздықты азайтып, халықтың тұрмысын түзеуге өз септігін тигізбек.
АЙЖАН Әшірхан