«Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-інде өнім жинау науқаны басталды. Басқа шаруашылықтардағыдай мұнда өнім көлемі емес, өнімнің түрлерінің көптігімен ерекшеленеді. Т.Шынтасовтың шаруашылығындағы 13 гектарда жүзімнің 25 түріннен өнім жинайды.
Жуырда ОҚО дағы Сарыағаш ауданындағы аталған шаруашылықтағы жеміс бағына өзге аудандардан көптеген бақша өндірісімен айналысатын кәсіпкерлер тәжірибе алмасу мақсатында табан тіреді. «Сарыағаш жер сыйы» ұжымы оларға жүзімнің ондаған түрімен таныстырды. Бұрын соңды дәмін татып көрмеген жүзімнің «Жүзім ханшайымы», «Молдова», «Ризомат», «Нимранг», «Караджанжал» және «Жеңіс» атты түрлерін сатып алуға тапсырыс берді. Аталған шаруашылықтың басшысы Танабай Бектенұлы: «Басты мақсатымыз – республикамыздың және облысымыздың түкпір түкпіріне жеміс ағаштарының көшеттерін тарату болып табылады. Біз аталған жемістерге тамшылатып суғару технологиясын пайдаланамыз. Көшеттерді өзіміз өсіреміз, жыл сайын 200-250 мың жеміс ағаштарының, 600-700 мың жүзім көшеттерін сатамыз», — дейді.
Аталған тәлімбақтың директоры Т. Шынтасов біраз уақыттан бері ғалым-агрономдармен бірлесе жұмыс істейді. Жеміс және жүзім бағы инновациялық технологияларды сынақтан өткізетін аумақ болып саналады. Аталған семинарға қатысқандар Қазығұрт, Сайрам, Мақтарал, Төле би аудандарынан келген шаруашылық басшылары көкейге түйгендерін өздері тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға асық.