Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Манкент ауылдық округіндегі «Пакиза» шаруа қожалығындағылар биылғы жиын терімге риза.
«Былтырғыға қарағанда биыл қызанақтың түсімі мол. 20 сотық жерден екі үш күн сайын 400-500 келі қызанақ жинаймыз», дейді кәсіпкер —М. Махамадалиев.
Кәсіпкер бұдан бөлек картоп, қырыққабат, құлпынай, алма өсіреді. Ауласында және сиыр бағады. Жыл жылжыған сайын шаруа алға жылжып жақсарып келеді.
«Осыдан он жыл бұрын шаруа қожалығына біріктік. Түсінгеніміз шаруашылық ірі болса, банктен несие алу жеңілдейді, жетістікке жетуге де мүмкіндік мол. Біріккенімізге өкініш жоқ. Енді техника алу да жеңілдейді» дейді шаруашылық басшысы. Кәсіпкердің келешекке деген жоспары көп. 5 гектарға жылыжай салу жоспарында бар. Онда көшет отырғызуды көздеп отыр. Үш мың тонна жеміс жидек сыятындай қойма салғысы келеді. Техникаларын жаңартып алу да ойында жүр. Шаруашылығында малы да баршылық, оның басым бөлігі сүтті сиырлар. Сүтті өңдейтін цехты да салып қойған. Тек онда сүтті мұздататын құрылғы жоқ. Кәсіпкердің өндіріс көлемін арттыруға деген құлшынысы орасан. «Манкент Агро» шаруа қожалығындағылардың барлығы да еңбекқор. Жұмыс десе жанып тұратындар. Манкенттіктердің қолымен өсірген өнімдері тек қана облыс орталығында ғана емес еліміздің өзге өңірлеріндегі сауда орындарында да сатылуда.