Қазақстанның болашағы – бірлікте! Осылай деген ОҚО Түркістан қалалық өзбек этномәдени орталығының мүшелері мен шаһар кәсіпкерлері игі іске ұйытқы болды. Бұл топ «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 830 оқушының оқуға қажет жабдықтарын әперді. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарайласты. Жаңа оқу жылы түркістандық бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. Жергілікті қалталы азаматтар күні бүгінге дейін 830 балаға көмек қолын созды. Түркістандағы өзбек этномәдени орталық мүшелері де белсенділік танытуда. Олар бұл жылы 200 баланы қуанышқа бөледі. Арнайы мектеп формалары, оқу қажеттіліктерімен толық қамтамасыз етті. Игілікті іске жас өрендердің алғысы шексіз Түркістан — көпұлтты қала. Мұнда бірлік ұя салған. Жаны жомарттар жоққа қарасуға пейілді. Солардың бірқатары ата-ана қамқорлығынсыз қалған жерлестеріне үй салып беріп, қуантты. Түркістанда 73 мектеп бар. Онда 55 мыңдай оқушы білім алады. Әлеуметтік жағдайы көтермей, баласын мектепке дайындай алмағандар үшін айтулы акцияның пайдасы орасан болды. Айта кеткен жөн, Шымкентте жетім балалар саны 100-ге жуықтайды. Жартылай жетімдер 2 мыңнан асып жығылса, көпбалалы отбасынан шыққандар 10 мың. Әлеуметтік аз қамтылғандардың саны 2 мың болса, мүмкіндігі шектеулілер 1000-ға жуық. «Мектепке жол» акциясы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Мәрттік танытып, көмектесемін дегендер болса, орайлы сәт.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы