Тігіс тігу ісімен Гүлбахрам Артықова 20 жылдан бері айналысып келеді. Күйеуі Ибрахим екеуі ең алғашқылардың бірі болып сату ісімен айналысты. Одан кейін перде тігуді бастады. Үйлер мен көптеген офистерге көрік беріп тұрған әсем перделер Гүлбахрамның алтын қолынан шыққан. 2003 жылы өз кәсібін бастаған Гүлбахрам оны кезең кезеңмен дамытып отырды. Ақыры 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданы Ақсукент ауылында өз дүкенін ашты. Мұнда Түркиядан әкелінген сапалы маталардан әдемі перделер тігіп сатады. Тұтынушылардың талғамына сай әдемі гүлдермен кестеленген оюлы маталардың түр түрі ұсынылады. Тіпті бөлмесінің дизайнына сәйкестендіріп тігіп беруін өтінетіндер баршылық.
Мұндағы шебер қолды тігіншілер тұтынушының сұранысын әп сәтте орындап береді. Олардың алтын қолынан шыққан әсем перделер көздің жауын алады. Бүгінде Г.Артықова алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Тек перде ғана емес мұнда жалюздер де жасап сатады. Мұндағы перделердің барлығы да Түркияныі әйгілі тігін машиналарын шығаратын «Jack typical» фирмасының машиналарымен тігіледі. Сондықтан да өте сапалы болып шығады. Тек сатумен ғана шектеліп қалмай Гүлбахрам Ақсукент көпсалалы колледжінің студенттеріне де тігін шеберлігінен сабақ береді. Тұтынушыларының талғамымен әрдайым санасып отыратын кәсіпкер Каспи банк арқылы несиеге де рәсімдеу арқылы өз өнімдерін өткізеді. Бұл тұтынушылар үшін өте ыңғайлы. Алыстағы ауылда жүріп ақ кәсіпкерлік саласына қомақты үлес қосуда. Қиындыққа қарамай өз ісін ашуды көздеп жүргендерге Гүлбахрам үлгі бола алады.