«Жүрегім толы мейірім». Бұл — облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен Мақтарал аудандық ішкі саясат бөлімі қолға алған игі шара. Оның шарапаты Мырзашөл өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға тиді. Акция Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. ОҚО Мақтарал ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіп ашуы жеңілдеген. Мұнда Жастар ресурстық орталығы мен бір топ жомарт кәсіпкер бірігіп, «Жасдрайв» жобасын қолға алды. Акция аясында облыс орталығынан арнайы келген психолог Жұлдыз Балтабаева ерекше күтімді қажет ететіндерге моральдық қолдау көрсетті. Күйзелістің алдын-алу, өз кәсібін ашып, жобасын іске асыру бойынша ақыл-кеңесін берді. Облыс деңгейінде алғаш рет бастау алған жобаға арнайы күтімге мұқтаж 14 пен 29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер қатыса алады. Ол үшін небәрі үш құжат: жеке куәлік, мекен-жай анықтамасы және мүмкіндігі шектеулі екенін растайтын анықтама керек. Қалған істі аудандық жастар ресурстық орталығы мен кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері реттейді. Жобаға қатысатындарға қойылатын басты талап: үміткердің бизнес жоспары болуы керек. Содан кейін «Жасдрайв» электронды поштасына өтінімдерін жібере алады. Құжаттарды қабылдау — қыркүйектің 20-сына дейін. Ал, айдың аяғында арнайы комиссия шешім шығарып, жеңімпаздар қазанда марапатталады. Үздік деп танылған 10 жоба 300 мың теңгенің қаржылай сыйақысына ие болады. Игі бастама облыстың барлық ауданында жалғасын таппақ.
АЙЖАН Әшірхан