«Химфарм» АҚ-да қатты пероральды дәрі шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жылына 200 миллион таблетка шығаруға қауқарлы жаңа цехтың жобасы Polpharma (польфарма) тобы мамандарының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
SANTO зауытының 135 жылдығы аясында іске қосылған цехтың ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы болып Сапарбек Тұяқбаев, Польша мемлекетінің Экономикалық даму вице-министрі Тадеуш Костинский, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюробекова, сонымен бірге SANTO компаниясының бас акционерлері мен компания серіктестері және БАҚ өкілдері қатысты.
Польфарм компаниясы фармацевтикалық өнімдердің жаңа түрлерін жаңғырту және өндіру мақсатында «Химфарм» АҚ-на 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазіргі уақытта компания дәрі-дәрмектер өндірушілердің арасында жетекші орын алады және отандық дәрі-дәрмектер нарығының 40 пайызын, ал еліміздегі жалпы дәрі-дәрмектер нарығының 4 пайызын қамтиды. Облыстағы ірі кәсіпорын саналатын бұл компания көптеген кәсіпкерлерге үлгі.
Жаңа цех фармацевтикалық өнімдерге қойылатын GMP талаптарына сай салынған. Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы барып Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бөлігі болып табылатын аталмыш өндірістің құны 13,5 АҚШ долларын құрайды.
«Химфарм» зауытының өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқа¬лық 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Компания өз өнімдерінің 90% ішкі нарыққа жеткізсе, 10%-ын бес елге экспорттайды. Яғни, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия және Түрікменстан.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі