ОҚО Арыс ауданында жылыжай өсіруді 25 соттықтан бастаған жеке кәсіпкер Рахымжан Кенжебаевтың шаруашылығы бүгінде қарқынды даму үстінде. Кәсіпорын төрағасы 2,5 гектар болатын жылыжай көлемін күз айында 5 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Өткен жылы жылыжайдан 50 тонна қызанақ, 25 тонна қияр жиналған болса, бүгінгі күнге 2 га жерге егілген қызанақтан 85 тонна өнім жиналды. Ал мемлекеттен алған субсидия көлемі 2,6 млн теңгені құрайды.
Ал 600 гектар жерді жаңбырлату әдісімен суғарып отырған «Жаңа Ақдала» Агрофирмасы» ЖШС-і де дамудың даңғыл жолына түскен. Жаңа технология арқылы шаруалар ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін де арттыруға болатыны белгілі болып отыр.
Ақдала ауылдық округінде орналасқан серіктестік биыл өзіне қарасты егістік жерлерді игеру үшін Германияның BOUER компаниясынан шыққан жаңбырлатып суғару әдісін қолданып отыр. Оның әрқайсысы бір орында 60 гектар жерді суғаруға мүмкіндігі бар. Шаруашылық құны 67 мың еуро тұратын құрылғының 7 данасын алып, іске қосқан. Жаңбырлатып суару әдісінің тиімділігі өте көп. Мәселен, үлкен жерлерді суғаруға тиімді, екіншіден су үнемделіп, жұмыс күші көп қажет етілмейді. Үшіншіден бір мезгілде суғарылып, тегіс мол өнім алуға мүмкіндік туады.
Жеке кәсіпкер Б.Сарбасовтың ұн диірмені өндірістің көлемін арттыру мақсатында қосымша қаржы көздері арқылы жаңа диірмен орнатқан, нәтижесінде өнім көлемін екі есеге арттырғанын.
Кәсіпкер жанындағы наубайханада күндігіне 3 мың дана бөлке нан шығарып, қасындағы наубайхана дүкенінде қаладағы ең арзан нанды сатады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі