Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының кәсіпкері Шавкат Хакимбаев бүгінде құлпынай шаруашылығын дамтып отыр. «Зебо-1» шаруа қожалығының 2 гектар егістік жерінде бүгінде жиын—терім жұмыстары қыза түскен. 40-қа жуық адамды маусымдық жұмыспен қамтып отырған қожалық басшысы биыл 13-14 тоннаға жуық өнім аламын деп отыр.
«Қазіргі таңда біздің құлпынайымызға сұраныс мол. Аталған өнімді негізінен Алматы және Астана қалаларына сатылымға шығарамыз. Маусымдық жұмыстар кезінде 30-40 адамды жұмыспен қамтимыз. Құлпынайды теріп, шөбін жұлып, баптаған жұмысшыларға күндігіне – 1700 теңгеден төлеп жатырмыз», — дейді қожалық төрағасы.
Мұнда өсірілген құлпынайдың сорты «Виктория» деп аталады. Ірі болғанымен, салмағы жеңіл келеді. Сондықтан үлкен шелегінің өзі 9 келі тартады. Бір келісінің бағасы — 350 теңге. Айта кетейік, құлпынайдан 1 айда 1 рет өнімін алынса, оны 3 күнде 1 рет суғарып отыру қажет. Сондықтан егістік алқабында ағын су үзілмеуі тиіс.
Құлпынай егумен 17 жылдан бері үзбей айналысып келе жатқан Шавкат Ахматқұлұлы өзіне тиесілі 2 гектар ауыл шаруашылығы жерінің күтіміне баса мән берген.
Бүгінде Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылдық округінде 1200 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың егістік алқабындағы құлпынай жемісінің көлемі 100 гектарға жуықтайды.