Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық саласына қажетті күрделі және озық үлгідегі техника мен құралдарды шығаруда белсенділік танытып келеді. Республиканы арзан бағадағы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған «Kazmedpribor Holding» ЖШС- і 2005 жылы «Бизнестiң жол картасы — 2020» мемлекеттiк бағдарламасы аясында ашылған болатын. Бүгінде өндiрiс орны рентген аппараттары мен медициналық жиһаз- жабдықтар шығарып, дәрілік өнім өндірумен айналысады. Халықаралық стандартқа сәйкестiк сертификатын алған зауыт бүгінде еліміздегі ауруханалар мен емханаларды УДЗ аппаратынан бастап операция бөліміне қажетті құрал-жабдықтарына дейін қамтып отыр. Соңғы үлгідегі инновациялық жобаларды іске асыруда кәсіпорын Жапония, Испания, Корея сынды алпауыт мемлекеттердің зауыттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 150-ге жуық адам еңбек етеді.
Кәсіпорынның жұмысы жүйелі. Өнімдері де сұранысқа ие. Мұнда жасалынатын қондырғылар озық шетелдік құрылғылардан кем түспейді. Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған кәсіпорын жедел-жәрдем көлігін бастан аяқ жабдықтап, қажетті құралдармен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қаншама отбасыны жұмыспен қамтып, табысын еселеп отыр.
Қазіргі таңда “ҚазМедПрибор” мекемесінде медициналық құрал-жабдықтың 400-ден аса түрі шығарылады. Жалпы зауыт жылына 60 мың дана медициналық техниканы шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, мұнда жедел-жәрдем көлігіне қажетті құралдардан бөлек, электрокардиографтар, медициналық мониторлар жасалады. Әрi сапалы, әрi бағасы көңiлге қонымды кәсiпорынның өнiмiне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бүгінде зауыт өнімдеріне Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сынды көршілес елдерден сұраныстар түсе бастаған.