Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Созақ ауданында мал шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылған. Әсіресе түйе шаруашылығын дамытуға қолайлы аудан. Оның үстіне аудан кәсіпкерлері түйе сүтін өңдеп, дамытудың жаңа жолын тауып отыр. Аудан орталығы — Шолаққорған ауылындағы «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік коорперативі осынау кәсіп түрімен айналысып жүрген бірден-бір кәсіпорын. Кооператив түйе сүтінен бөлек, сиыр сүтін де қабылдайды. Бүгінде төрт түрлі ағарған — шұбат, сиыр сүті, айран, қаймақ әзірлеп, жергілікті дүкендерге жөнелтіп жүрген серіктестік таяуда сүттен йогурт пен кілегей әзірлеп, саудалауды қолға алмақшы. «Алғашқы кезде 500 литрге лайықталған жұмыс істедік. Қазіргі шұбат өңдеу мүмкіндігі тәулігіне 1 тоннаға дейін жетіп отыр. Осылайша, ісімізді жолға қойып келеміз. Таяуда, аудандағы уран өндіру кәсіпорындарымен ондағы әрбір жұмысшы басына 0,5 литрден шұбат жеткізіп отыруға келісімге келдік», — дейді «Аруана» өндірістік коорперативінің төрағасы Жанболат Әдишов. Жалпы, түйе сүтін өңдеу цехы орналасатын ғимаратты дайындап, жөндеу жұмыстары мен сүтті өңдейтін құрылғыны алу үшін кооператив жетекшілігі «ЫРЫС» МҚҰ» ЖШС-нен 12 млн. теңге несие алған. Бүгінде жұмысын жандандырып жатқан ұжымшар алдағы уақытта түйе сүтін өңдеу үлесін арттыру арқылы күніне оның тәуліктік қуатылығын 5 тоннаға дейін жеткізіп, істі әрмен қарай дөңгелетуді жоспарлап қойған. Созақ ауданында бүгінгі таңда 10 мыңға жуық түйе бар.