Кәсіпкерлік — адамның іске толық берілуін және өзінің барлық назарын аударуын қажет етеді. Сонымен қатар даму мен өсіп-өркендеудің белгілі бір мүмкіндіктерін ұсынады. Жеке бизнес- бұл ермек емес, айналаңыздағы адамдар үшін жоғары жауапкершілік. Мұндай қадамды әркім жасай алмайды, жалдамалы қызметкер, жұмыссыз адам санатынан бизнестің меншік иегері санатына өтуге әркімнің қабілеті жете бермейді.
Ал егер, алдына қойған мақсаты бар, әрдайым бір нәрсе жасауға талпынып отыратын, пайда табуды көздейтін, табысқа жету үшін алдын-ала бірнеше жылға жоспар құра білетін, өзінің артықшылықтары мен кемшіліктерін өзгелерден жақсы білетін, барлығын қайта бастаудан қорықпайтын, өсуді қалайтын, тәуекелге бара алатын қасиеттері бойынан табылатын кез-келген адамның табысты кәсіпкер болуға үлкен мүмкіндігі бар.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз ОҚО Сайрам ауданы Манкент ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ирсалиев Улугбектің отбасында болып қайттық. 20 жылдан астам мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан кәсіпкер өзінің тәжірибесімен бөлісті.
У.Ирсалиев, жеке кәсіпкер: «Кәсіпкер үшін ең маңыздысы – ынта. Егер, ынтаң болмаса кәсібің жүрмейді. Шын ықыласыңмен, ниетіңмен кәсібіңмен айналысуың керек. Және де ештеңеден қорықпау керек. Мемлекеттің біздерге көрсетіп жатқан қолдауын кез-келген адам ала алады. Тек, мүмкіндікті пайдалана білу керек. Алынған қаржыны мақсатты түрде жұмсасақ, табысқа кенелеміз.»
Ағымдағы жылдың сәуір айында Ирсалиев Улугбек кәсібін кеңейту мақсатында «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалы мамандарының көмегімен «Ырыс» микроқаржы ұйымынан, мемлекеттік бағдарлама бойынша жылдық 7 пайызбен жеңілдетілген 5 млн теңге несие алған болатын. Алынған қаржыға 34 бас етті бағыттағы мүйізді ірі қара малын сатып алып, бордақылаумен айналысуда. Екі адамды да жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта бордақы малын семіртіп болған соң, Манкент ауылындағы ет сою бекеттерінің біріне өткізеді.
Жеке кәсіпкер Ирсалиев Улугбек кәсіпкерлік психологиясы, маркетинг, нарықты зерттеу, бизнес-жоспар жасау, салық есебі мен есептілігі, заңдық аспектілер тақырыбында өткен «Кәсіпкерлік негіздері» оқыту курсына толық қатысып, сертификат алған болатын. Онымен қоса бизнес-планын, үйдің құжаттарын рәсімдеуін, жобаның комитетте оң шешім шығарып беруін қадалаған орталық мамандарына алғысы шексіз.
Мейірман Сауранбеков, «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалы бизнес-тренері.