Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауыл округінде облыс, аудан әкімдерінің майда шаруашылықтарды Ірілендіру жөніндегі тапсырмасы оң нәтитже беруде. Үстіміздегі жылғы 6 айда ірілендірілген ауыл шаруашылық өндірістік коопериві ауданымызда 14-ті құраса, Төрткүлде 7 айда 8-і құрылып, 1065 шаруашылық 9806 гектарымен бірікті, яғни барлық суармалы жердің 95 пайызын құрады.
Атап айтқанда, Төлегенов Серіктің төрағалығындағы «Мұрагер-Береке» АШӨК 63 шаруашылықты 505,35 гектарымен, «Агро-Қолдау» /Қалдыбаев Ерсұлтан /220-502/, «Орда жер» / Нұрымбетов Айдын/ — 17—120, «Көмек – Агро-86» /Әділбай Серік/—67—586,67, «Төрткүл –Ынтымақ» /Айтбаев Самат/ —265—1800, «Төрткүл –Агро» /Батанов Нұрлан/ -370—6000, «Өркендеу-1» /Тұрсынбек Бекмырза/ —59—2690, «Арыстанды» /Найманбаева Оразкүл/ -4—32 ірілендірді.
«Агро-Қолдау» ауыл шаруашылық кооперативінің 350 гектар қозалығында ауыл округі әкімі аппараты бас маман-жер инспекторы Сыпатаев Әбдімәлік пен бас агроном Батырбеков Ерланды кездестірдік. Көктемде мақтаның «47-47» сұрыбы себіліп, жақсы өніп шыққан. Одан бері қозалықты жегенелеп, 2 рет культивация жасап, шабықтан өткізіп, суарған.Тамызда тағы ылғалдандыруда. Қозалық шілдеде гүлдеп, әр түпте 10-12 көсек салуда. Тамызда көбейе түседі. Бұдан басқа ұжымда 80 гектар жоңышқа, 32 гектар жүгері, 40 гектар бақша өсірілуде. Осылайша аудан кәсіпкерлері жұмылған жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуде.
— Ірілендірудің пайдасы мол. Жанар-жағар май, тыңайтқыш, ағын су алуда жеңілдік бір орталықтан қарастырылған. Субсидия қаржы беру де бір адамның қолынан өтеді, — деді бас агроном Е.Батырбеков.