ОҚО Ордабасылық жеке кәсіпкер Б.Қалметов биыл алғаш рет фермерлік жылыжайын іске қосып, алғашқы өнімін алды. Иелігіндегі жердің 0,5 гектарына жылыжай орналастырып, қияр мен қызанақ өсіруді қолға алды. Өз қаражаты есебінен жүзеге асқан бұл жобаның инвестициялық құны 30 млн. теңгені құраған. 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
— «Алма піс, аузыма түс» деп отыратын заман емес. Отбасымызбен осы жылыжай ісін қолға алғанда біраз күдіктендік. Қалай болар екен деген ой да болды. Алғашқы өнім біз күткен нәтижеден де асып түсті десем, артық айтпаймын. Қиярдың маусымы өтіп бара жатыр. Енді, қызанақтың көшеттерін отырғызып, баптауға көштік. Өнімді қазан-қараша айында жинаймыз деп жоспарлап тұрмыз. Келешекте жылыжайдың көлемін арттыруым да мүмкін, — деп ағынан жарылды кәсіпкер Б.Қалметов. Ал «Сабыр» шаруа қожалығының егістік көлемі — 430 гектар. 2017 жылы тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағыты бойынша 3 млн. 519 мың теңгеге 100,3 тонна жеңілдетілген аммиак селитрасына қол жеткізген. Шаруа қожалығы «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің құрамында жұмыс жасауда. Бұл кооператив 2001 жылдан бері бидай өсірумен қатар мал шаруашылығын дамытумен де айналысып келеді. 50 азамат жұмыспен қамтамасыз етілген. Кооператив төрағасы Т.Жанысбаевтың мәлімдеуінше, өнімнің биылғы түсімі гектарына 22-25 центнерді құраған. Сонымен қатар, төраға білікті механизаторлардың тапшылығын да тілге тиек етті. Аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Н.Әбілхасов өз кезегінде шаруаларға жеңілдетілген тыңайтқыш пен жанар-жағар майдың мерзімінде жеткізіліп келетінін атап өтті.