2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Оңтүстiк Қазақстан облысына шетелден және өз елiмiзден 52 850 турист (былтыр 33 мың турист) саяхаттауға келген. Оның 3600-i — шетелдiк қонақ. Бұл өткен жылдың тиiстi мерзiмiмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Қуанышты мәлiметтi ОҚО кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының өкiлдерi хабарлады. Шетелдiк саяхатшыларды негiзiнен Түркiстан, Отырар аудандарының тарихи орындары қызықтырады екен. Олар көбiнесе Арыстан баб және Қожа Ахмет Ясауи кесенелерiнe зиярат жасап барады. Саяхатшылардың бiразы облысымызға ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесi аясында келiп жатыр. Бүгiнге дейiн шара шеңберiнде Оңтүстiк Қазақстан облысына келiп-кетудi ұйғарған туристердiң iшiнде Қытай, Үндiстан және Сингапур елiнiң азаматтары бар. Өңiрдегi тарихи орындар, сәулеттiк құрылымдар мен ескерткiштердi тамашалау үшiн шетелдiк қонақтар бiрнеше күн жүрген. Айта кетейiк, бүгiнгi таңда облысымыздың барлық аудан, қалаларында 1, 2 және 3 күндiк туристiк бағыттар жұмыс iстейдi. Осы бағыттар бойынша тарихи-мәдени және табиғи 84 нысанды аралауға болады. Туристiк бағыттарға қосылған негiзгi нысандардың қатарында Отырар қалашығы, Арыстан баб кесесенi, Сауран қалашығы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесi мен Әзiрет Сұлтан кешенi, Сайрам-Өгем мемлекеттiк ұлттық-табиғи паркi мен Ақмешiт үңгiрi және т.б. орындар бар. Отырар ауданындағы этноауыл да саяхатшыларды ерекше қызықтырған. Мұнда қазақ халқының мәдениетi мен тұрмысын барынша шынайы қалпында көрiп, сезiнуге болады. Жылқы мен түйеге мiнiп, әсем табиғатта серуендеп, кең даланың таза ауасынан жұтып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға да мүмкiндiк бар.