Мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк атқарушы билiктiң құзыретiндегi қызметтердi жеке секторға берiп, мемлекет пен бизнес арасында тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейдi. Ал, бұл жобаны жүзеге асыру жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облысы республикадағы өңiрлер арасында бiрiншi орынға көтерiлдi. Мұндай жетiстiкке жетудiң сырын мамандар тынымсыз еңбек пен iзденiстiң арқасы деп түсiндiредi. Себебi, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiгi жобасы қолға алынған күннен берi тиiстi сала мамандары мен басшылары арнайы курстарға, семинарларға қатысып, бiлiмдерiн үнемi жетiлдiрумен келдi. Елiмiзде мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк аясында салынып жатқан тұңғыш нысан биыл қараша айында пайдалануға берiледi деп жоспарланып отыр. Ол – ОҚО Түлкiбас ауданы, Ақбиiк ауылындағы 100 орынды балабақша. Осы ғимараттың арқасында ата-аналар ендi балаларын көршi ауылдағы балабақшаға тасып әуре болмайды. Және 25 орынды шағын орталыққа әрең сыйған бүлдiршiндер де ендi қысылып-қымтырылмайды. Балабақша құрылысына тапсырыс берушi мердiгер компания құрылтайшысы А.Салимов осынау жобаның нәтижесiнде шалғай ауылдарда балабақша, емхана, мектеп және спорттық ғимараттар салынып, елдi мекендердiң әлеуметтiк мәселесi шешiмiн табарына сенiмдi. Жалпы, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiктiң келешегi өте зор. Өйткенi, бүгiнде әлеуметтiк нысандар салуға ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалатыны рас, бiрақ кейде бюджет қаражатының жетiспеушiлiгiне байланысты жоспарланған ғимараттарды тұрғызуға мүмкiндiк болмай жатады. Ал, бұл тәсiл бойынша нысанды кәсiпкер әуелi өз ақшасына салады, кейiн ол облыстық әкiмдiк балансына өткiзiледi. Содан соң қайтадан кәсiпкердiң басқаруына 30 жылға берiледi. Бүгiнде Шымкент қаласы әкiмшiлiк-iскерлiк орталығы аумағынан «Атамекен корпорациясы» ЖШС мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк аясында балабақша ғимаратын салып жатыр. Аталмыш корпорация директоры М.Төлтебаевтың айтуынша, нысанды тұрғызуға жұмсалған 540 млн. теңге 6 жыл iшiнде өзiне қайтарылса, тағы жыл сайын сыйақы ретiнде қосымша 30 млн. теңге алып отырады екен. Осы секiлдi, облыс орталығының «Нұртас» шағынауданынан «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС 1,5 млрд. теңгеден астам қаржыға 500 орынды үлкен емхана құрылысын жүргiзiп жатыр. Мұнда да құрылысқа кеткен қаражат мемлекет есебiнен 5 жылда толық өтеп берiледi, бұдан бөлек 19 жыл қатарынан инвесторға жұмсаған инвестициялық шығынының 5 пайызы сыйақы ретiнде төленiп отырады.
Әнуар Жұмашбаев