Қазiр барлық банктер мен ауыл шаруашылығы несие қорлары, корпорациялар кәсiпкерлерге мүмкiндiгiнше қаржылай көмек көрсетiп жатыр. Олардың облыс пен аудандарда филиалдары да бар. Солардың қатарында ОҚО Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш несие» ЖШС-iн айтуға болады. Осы аталған несие серiктестiгiнiң басшысы Ақылбек Жетпiсбаевқа жолығып, атқарып жатқан жұмыстары жайында айтып беруiн сұраған едiк. «Бiздiң «Сарыағаш несие» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң құрылғанына алдағы қараша айында 15 жыл болады. Алғаш серiктестiкке 40 адам мүше болып, 10 миллион теңгемен жұмысты бастағанбыз. Қазiр тiзiмде 769 құрылтайшымыз бар, олар қорға 370 миллион теңге құйған. Ал, жалпы серiктестiктiң несие портфелi 3 миллиард теңгеден асып кеттi. Бiз аудандағы кәсiпкерлiктiң дамуына қолдау бiлдiрiп, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына несие беремiз. Биыл мемлекеттiк «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгi егiс үшiн 6 пайызбен 4 миллион 800 мың теңге несие үлестiрдiк. Сондай-ақ, «Iскер» бағдарламасымен жылыжай ашқан «Е.Меңдiбаев» және «Балтакөл» шаруа қожалықтарына да 6 пайызбен 20 миллион теңге несие ұсындық. Сонымен бiрге, мал шаруашылығынан табыс тауып жүрген 16 жеке кәсiпкерге 95 миллиондай теңге бердiк. Биыл «Бiрлiк» бағдарламасы бойынша 14 пайызбен кәсiбi мал шаруашылығымен байланысты 44 шаруаға 329 миллион, ал, жылыжай салуға ниеттi 41 азаматқа 380 миллион теңге несие табысталды. Бiр айта кетерлiгi, 14 пайызды несиенiң жартысы субсидиялануы керек едi. Алайда, ол мүмкiн болмай отыр, – дейдi серiктестiк басшысы. «Сарыағаш несие» жұмысын бастағалы берi аудандағы «Ташпиби» шаруа қожалығы, «Игiлiк» өндiрiстiк кооперативi, жеке кәсiпкерлер Надыр Утанов, Ләззат Ашабаева, Қабылбек Мырзакаримов және өзге де азаматтар егiн, жылыжай, мал шаруашылықтары бойынша несие алып, бүгiнде табыстарын еселеп үлгердi. Өткен жылы серiктестiк 1 млрд. теңге несие үлестiрсе, биыл 800 млн. теңге несие бөлдi. Ендiгi ретте ауыл шаруашылығы мақсатында берiлетiн субсидия мәселесi шешiмiн тапса, жақсы болар едi. Себебi, бүгiнгi таңда өтiнiш бiлдiрген 300-дей азамат ақша алудың кезегiнде тұр, – дейдi А.Жетпiсбаев.
Нартай СЕРКЕБАЕВ Сарыағаш ауданы.