Оңтүстік Қазақстан облысында былғарыдан сөмке тiгетiн кәсiпорын «Оңтүстiк былғары» ЖШС-нiң ашылғанына бiр жыл ғана болды. Кәсiпорын директоры Нұржамал Миржибаеваның айтуынша, бүгiнгi таңда бұйымдары Астана және Алматы қалаларындағы 2 iрi сауда үйiнде сатылуда. Бағасы 10-15 мың теңге тұратын әдемi сөмкелер қазақтың ұлттық оюларымен өрнектелгендiктен, «Оңтүстiк былғарының» өнiмдерiн Қытайда тұрып жатқан кәсiпкер қандастарымыз да тапсырыс берiп сатып алып жатыр екен. Аядай бөлмеде 4 шебер қыз былғарыны пiшiп, дизайнын жасап, тiгiп, түрлi оюлармен көмкерiп, дайын тауарға айналдырады. Алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығынан өндiрiстiк тәжiрибеден өту үшiн тағы екi маман келмек. Жұмыстары ұнап жатса, мекеме басшысының оларды осында алып қалмақ ойы бар. Ол осы iсiн қалай бастағаны, қаржыны қайдан алғандығы жайлы баяндап бердi.
— Өзiмнiң мамандығым — дизайнер. Жеке кәсiп ашуды бұрыннан ойлаушы едiм. Оның сәтi былтыр ғана түстi. Менiң былғарыдан сөмкелер тiгетiн жобам облыстық кәсiпкерлiк индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы ұйымдастырған инновациялық жобалар конкурсында үздiк деп танылып, 2 миллион теңге грант ұтып алғанмын. Аяққа тұрып кетуге бұл қаржы жеткiлiксiз болып, «Ырыс» шағын несие ұйымынан жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен 2 миллион 800 мың теңге несие алдым. Құжаттарды жинауға 2 апта уақыт кеттi. Бизнес-жоспар жасадым. Салық органынан, банктен тиiстi құжаттар тураладым. Өз компаниямның қаржылық есебiн дайындадым. Ең соңында аймақтық үйлестiру кеңесiнде жобам қаралып, қаржылай көмек көрсетуге шешiм қабылданды, — дейдi ол.
Сонымен бiрге, осы бағыттар бойынша «Оңтүстiк» АИО жарты жылда 1 903 жобаға 4,9 млрд. теңге ақшалай көмек көрсеттi.
Әнуар Жұмашбаев