«Оңтүстiк» индустриялық аймағында орналасқан «Spirit Казахстан» ЖШС-нiң жұмысы қарқын алған бүгінде. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы кәсiпорынның директоры Азамат Жүнiсовтiң айтуынша, зауыт 2011 жылдан берi жұмыс iстеп келедi. Мұнда спирттiк iшiмдiктерге арналған шөлмектердiң пластик қақпағы, жәшiктер және арнайы құты — пэт приформа өндiрiледi. Дайын тауарлар негiзiнен жергiлiктi сауда орындарына өткiзiледi. Әсiресе, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында жемiс-жидекке арналған пластик жәшiктерге деген сұраныс жоғары екен. Осы зауытты тұрғызуға 700 млн. теңгеге жуық инвестиция жұмсалыпты. Оның 514,8 млн. теңгесiн «Оңтүстiк» АИО-дан жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен қарызға алған. Кәсiпорын iшiндегi заманауи итальяндық қондырғылар — «Оңтүстiктiң» несиесiне лизингiге сатып алынған техникалар. Отандық өнiм болғандықтан өзге елдердiң пластик жәшiктiң бағасы 200 теңге тұрады.
Статистикалық мәлiметтерге көз жүгiртсек, биылғы 6 айда «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы 4 млрд. 513,9 млн. теңгеге 1885 жоба қаржыландырылған. Олардың iшiнде мал, егiн, жылыжай, құс шаруашылығы, көктемгi дала жұмыстары, сауда, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеуге қатысты жобалар бар.
Әнуар Жұмашбаев