ОҚО Алатау батыр ауылындағы «Мырзакент» ЖШС-інің «Қазақстан» мақта қабылдау пункті бүгінгі таңда 200 тонна мақта жинап үлгерді. 250-ге жуық шаруа қожалықпен келісім-шартқа отырған «қазақстандықтар» биылғы жылы қырманға 15 мың тоннаға дейін «ақ алтын» жинауды жоспарлап отыр.
-Былтырғы жылы «Қазақстан» мақта қабылдау пунктіне 6600 тонна мақта жиналды. Биыл бұл көрсеткішті арттырамыз деп отырмыз. Жыл басынан қазіргі таңға дейін бізбен келісім-шартқа отырған шаруаларға 288 млн теңге несие қаржы тараттық. Оның 71 млн теңгесі фьючерлік келісім-шартпен берілсе, 121 млн теңге жылдық 6 пайыздық өсіммен, 90 млн-ы пайызсыз таратылды. Келер жылы да 6 пайызбен несие беріледі. Шаруалар үшін мұның бір артықшылығы – қаржыны бір жылға емес, 3-4 айға алатын болса оны 2 пайызбен ғана қайтарады, — дейді «Мырзакент» ЖШС-і директорының Шардара ауданы бойынша орынбасары Сейсен Қуан. Кәсіпкер Сейсен Қуанның айтуынша аудан бойынша келісім-шартқа отырған диқандардың қозалық жері 5824 гектар алқапты құрайды. Биыл мақташылардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Гектар түсімін 25-30 центнерден айналдыруға толық мүмкіндік бар. Кешегі аптада «Қазақстан» мақта қабылдау пункті алғашқы мақта бағасын шығарды. Яғни, ақ ұлпаның әр тоннасын 160 мың теңгеден қабылдап жатыр. Ұ зын ата ауылы әкімінің бас жер маманы Мұрат Нұрпейісов, ауыл ағалары Серік Батыршаев, Тыныштық Шаудырбаев, Нұрым Мырзаев, Қошқар Қарабаев, Жамалбек Айдарқұлов, Әбдіраш Мұсаев жиын-терімге байланысты өз ой-пікірлерін білдірісті. Жиын соңынан мақта қабылдау пунктінде ас беріліп, құран оқылды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.