«Бақыттың кілті — әйелде». Отбасы қарым-қатынасы академиясы осындай ұстаныммен Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында семинар-тренинг өткізді. Арманын арқалап, табысты, әрі, бақытты болуға асыққандар үшін тәжірибеде тексерілген тәсілдермен бөлісті. Ажырасудың аз-ақ алдында тұрған отбасылар кәдеге асар кеңес тыңдады. Қазақ қызы рухани азық алар мәдени шара аясында тағы тұшымды ойлар айтылды.«Бақытты әйел өмір сүретін отбасы бақытсыз болуы мүмкін емес. Ол үшін бақыттың кілтін өзгеден емес, өз бойыңнан ізде. Жан тыныштығы мен жүрек қалауы, ой тазалығы мен мінез көркемдігі. Тек осы қасиеттер өзара үндескенде ғана нағыз бақытқа лайық боласың,- дейді академия Президенті Құралай Қалиева. Құралай Қалиева – «Кайдзен» әйел тұлғасын дамыту, отбасы қарым-қатынасы Академиясының Президенті «Біздің академия -әйел тұлғасын дамытып қана қоймай, шын мәнінде көмекке мұқтаж, жаны жүдеген жандарға жәрдем береді. Өзіндік бірнеше ұстанымдары мен бағыттары бар». Ошақтың отын өшірмей, ұл мен қызға тәрбиенің мәйегін иіп берген ана ғана ардақты болмақ. Бүгінгі семинарға қатысып, психологиялық тұрғыдан соны серпін алған кыз-келіншектердің бірі – Мөлдір. Айтуынша, отбасы ойран болып, құты қашқан, ынтымағы ажырап, жылуын жоғалтқан жандар осындай семинарларға қатысып, қажетін қармап қалса игі дейді. Мөлдір Құртаева – қала тұрғыны «Мен Құралай ханымның жеке қабылдауында бірнеше рет болып, кеңес тыңдадым. Өмірде өз орнын тапқысы келгендер, нағыз мамандардан дәріс тыңдап, отбасындағы татулық пен мамыражайлықты дұрыс ұстаса екен». Қызға тән қылық, әйел затына сай әсемдік. Отбасының ұйытқысы болған нәзік жандылардың жан жылуы жиналғандарға жаңа дем берді. Мәдени шара рухани азық сыйлады. Бірі — отбасында татулықтың туын жықпай, ортақ мәмілеге келудің тактикасын меңгерді. Енді бірі – маман ретінде кеңес тыңдап, кәсіби деңгейін өсіруге талпынды. Динара Бүркітбаева — психолог «Бүгінде кеше отбасын құрған жанұяллар көп ұзамай қайта ажырасып жатқанын естисің. Ажырасудың алдын алып, қыз-келіншектердің ерік-жігерін оятуда «Отбасы академиясы» үлкен рөл атқарады деп сенемін». Академияның көмегіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен он мыңға жуық қыз-келіншектер жүгінген. Шымқалаға алғаш рет табан тіреген тәжірибелі психолог сапарын өзге де қалаларда жалғастырмақ. 15 жылдық еңбек өтілі бар маман Елбасы саясаты жолы арқылы «Табыс» формуласымен бөліскісі келеді.
ШОЛПАН Аязбаева