Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында жас болса да бас болып жүрген кәсіпкер Тоқтар Әлімбековты жаңа идеялардың кені десе болғандай. Жас кәсіпкер, бірнеше әлеуметтік жобалардың авторы. АҚШ-та білім алған. Сосын Отанына оралып, «Chaplin’s Barbershop» ерлер шаштаразын ашты. Ата-анасы, туыс-туғаны «шаштараз ашатын болсаң Америкада 4 жыл несіне оқыдың?» десе де, ешкімге құлақ аспады. Ол бизнесін 0 теңгеден бастап құрды. 100 күн ішінде. Тоқтар қазір 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Барберлерге 200 мың теңге жалақы төлейді.
Тоқтар тынымсыз жігіт. Жапондардың танымал «Печа-куча» жобасының лицензиясын алып, Шымкентте ұйымдастырып жүр. Ай сайын өтеді. Бұдан бөлек, «U: projects» деген жобаны бастады. Астананың «Арбатындағы» ән салып, би билеп, түрлі аспаптарда ойнап, көтеріңкі көңіл күйде жүрген жастарды көріп, қызыққан едім жақында. Енді біздің қалада да «Арбаттағыдай» көңіл күй, сезім, орта бар. Тоқтар оның бастамашысы. «Шымкенттен мен қашып кетсем, басқалар кетіп қалса, кім өзгертеді? Жайлы қаланы, жақсы орынды кез келген ортада жасауға болады» — дейді.
Әйгерім Бегімбет